Әлемде тіс емдеу ісін қалай бақылайды?

Тісі ауырған адам алдымен дәрігердің біліктілігіне сенеді.

Бірақ кейде маманның кәсібилігі ғана емес, бүкіл жүйенің қауіпсіздігі маңызды. Әсіресе наркоз қолдану кезінде қауіп басым. Ал әлем елдері мұндай қызметті қалай бақылайды?

АҚШ тіс емдеу жүйесін қатаң бақылайды. Дәрігерлердің біліктілігі мен технологиясын жиі тексереді. Егер заң бұзушылық тіркелсе,  сақтандыру компаниясы клиниканы медициналық полисінен айыруға құқылы. Ал бұл құжатсыз тіс дәрігері науқастарды емдей алмайды. Мәселен, наркоз қолдану үшін бірнеше ай арнайы курстан өтуі керек. Немесе анестезиологты шақыруға тиіс. Өйткені 2016 жылы Техаста 4 жасар бала наркоздан кейін оянбай, көз жұмған еді. Бұдан соң Құрама Штаттар билігі стоматологиялық қызметке қатысты талапты күшейтті. Қазір АҚШ-та 1 млн адамға шаққанда өлім көрсеткіші 2 адамға тең. Тіс дәрігерлер ата-аналарға наркоздың қаупі туралы толық ақпарат беруге тиіс. Сондай-ақ бала тыныс алуы мен есі толық тұрақтанғанға дейін реаниматологтың бақылауында болуға тиіс.

Германия

Германияда стоматологиялық қызмет ақысы қолжетімді емес. Пломба қойғызып, ем-дом жасату құны 400 еуроға дейін жетуі мүмкін. Бұл біздің ақшаға шаққанда шамамен 225 мың теңге. Елде стоматологиялық клиникалардың жұмысын билікпен қатар, сақтандыру қорлары да қадағалайды. Ал, наркоз арнайы жабдықталған бөлмеде, анестезиолог және реанимациясы бар кабинетте ғана жүргізіледі. Дәрігер тек тіс емдейді. Анестезиолог науқастың өміріне жауап береді. Мамандардың айтуына қарағанда, тісін емдеткендер арасында ауруын біле тұра жасыратындар бар көрінеді. Ал бұның соңы өлімге әкелуі де  мүмкін.

Оңтүстік Корея 

Оңтүстік Кореяда стоматологиялық қызметтің бағасы сапасына сай болмай тұр. Пломба қоюдың өзі 150 доллар тұрады. Технология дамыған. Бірақ бақылау жағы ақсап тұр. Кейінгі уақытта жекеменшік стоматологиялық емханаларда наркозбен емдеуге қатысты арыздар жиілеген. Сондықтан Сеул билігі еуропалық тәжірибеге көше бастады. Енді Оңтүстік Кореяда анестизия жүргізетін клиникалар арнайы тіркеуден өтуге тиіс.  

Зайнұр Байжігіт