АҚШ 60 елге жаңа тарифтер енгізеді

АҚШ өзге мемлекеттерге жаңа тарифтер енгізеді. Құрама Штаттар мәжбүрлі еңбек арқылы өндірілген тауарлармен күресуге ниетті.

Мұны Ақ үйдің баспасөз қызметі хабарлады. Баж салығын әлемнің 60 мемлекеті төлеуге тиіс. Олардың қатарында Американың жақын одақтастары да бар. Ал кей елдерге талап тіптен қатаң. 

Құрама Штаттар әлемнің 60 еліне 10-12,5 пайыз көлемінде кедендік баж салығын енгізеді. Бұл жолғы тарифтер мәжбүрлі еңбек арқылы өндірілген тауарлардың импортына қатысты болып отыр. АҚШ-тың Сауда өкілдігі осылай деп мәлімдеді. Шара көктемде басталған ауқымды тергеудің нәтижесі. Бұған Американың Сауда туралы заңының 301-бабы негіз болған. Ол Вашингтон шетелдік серіктестердің әрекеттерін «әділетсіз» деп таныған жағдайда Ақ үй басшысына кез келген баж салығын енгізуге мүмкіндік береді.

Дебора Элмс, Сингапурдағы Hinrich Foundation қоры сауда саясаты бөлімінің басшысы:

- Бұл өте үлкен резонанс тудыратын қадам. 301-бап аса қуатты құрал әрі оның күшін жою мүмкін емес. Кедендік баж салығын енгізуге батыл кіріскен әкімшіліктің қолында бұл тетік жаңа тарифтік кедергілердің көптеп пайда болуына жол ашады.

Мәжбүрлі еңбек нәтижесінде өндірілген тауарларға тыйым салған немесе тыйым салуға міндеттеме алған елдерге төменірек тариф қолданылады. АҚШ Сауда өкілдігі кеңсесінің мәліметіне сүйенсек, баж салығының ең төменгі мөлшерлемесі Еуроодақ, Канада, Тайвань, Мексика және Ұлыбританиядан келетін тауарларға белгіленген. Ал бұл талапты елемеген мемлекеттер, яғни Қытай, Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея, Бразилия және Швейцария өз өнімдерінің экспорты үшін жоғары мөлшерде салық төлейді.

Джеймисон Грир, АҚШ сауда өкілі:

- Маңызды сауда серіктестеріміздің мәжбүрлі еңбек нәтижесінде өндірілген тауарлардың импорты мәселесіне бей-жай қарауы дұрыс емес. Салдарынан америкалық жұмысшылар әлемдік нарықтағы теңсіздікке тап болады. Біз енді бұған көнбейміз.

Қытай АҚШ тарифтеріне қарсы

Әлем нарықтары үшін Трамптың бұл шешімі оңайға соқпайтыны анық. Осы уақытқа дейін АҚШ-тың экономикалық серіктестері Вашингтонмен сауда соғысына барудан тайсақтап, келіссөздер арқылы мәселені шешуді жөн көріп келді. Бұл жолы бірқатар мемлекет Ақ үй әкімшілігінің әрекетіне қарсылық танытты. Ал Қытай мәжбүрлі еңбекке қатысты айыптауларды жоққа шығарды.

Мао Нин, Қытайдың Сыртқы істер министрлігінің өкілі:

- Қытай біржақты тарифтердің кез келген түріне қарсы. Сауда және экономикалық мәселелер теңдік, өзара құрмет негізінде және екі тарапқа да тиімді диалог арқылы шешілуге тиіс. Қытайда «мәжбүрлі еңбек» түсінігі жоқ, және біз мұны саяси қитұрқы әрекеттер үшін сылтау ретінде пайдалануға қарсымыз.

Әлемде 50 млн адам құлдықта өмір сүреді

Халықаралық еңбек ұйымының кейінгі деректеріне сүйенсек, әлемде 50 миллион адам құлдықта өмір сүреді. Соның 28 миллионы мәжбүрлі еңбекке тартылған. Басым бөлігі экономиканың жеке секторында жұмыс істейді. Ал олардың 3 миллионнан астамы бала. Мәжбүрлі еңбектен түсетін жыл сайынғы табыс көлемі 236 миллиард доллардан асады. 

Bloomberg агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, мәжбүрлі еңбекке қатысты тергеу Ақ үйдің былтырғыдай жоғары баждарды қайтару жөніндегі ауқымды жоспарының бір бөлігі ғана. Бұдан бөлек, Вашингтон өндірістік қуаты шамадан тыс елдерге қарсы шектеулерді дайындап жатыр. Биылдан бастап Дональд Трамптың тариф саясаты бірқатар кедергіге тап болды. АҚШ-тың Жоғарғы және Федералды соттары Президент бастамаларына бірнеше рет тосқауыл қойды. Ал жаңа ережелер бірден күшіне енбейді. Ақ үй 6 шілдеге дейін жазбаша қарсылықтарды қабылдайды, кейін қоғамдық тыңдау тағайындалады.