Бейбітшілік кеңесінен қайыр болмай тұр
Газадан тағы маза қашты.
Израиль анклав аумағының 70%-ын басып алмақ. Мұны премьер-министр Биньямин Нетаньяху мәлімдеді. Қазірдің өзінде Газа секторының жартысынан көбіне Израиль әскерінің әмірі жүріп тұр. Бірақ ЦАХАЛ мұнымен де тоқтап қалғысы келмейді. «Бар мақсатымыз ХАМАС-ты қарусыздандырып, биліктен тайдыру» дейді. Алайда палестиналық ұйым Газаны басқару ісін тапсыруға дайын. ХАМАС өкілінің айтуынша, бұған Израильдің өзі кедергі жасап келеді. Яғни Газаға шабуылдау үшін сылтау таппай отыр. Тараптар былтыр ресми бітімге келгенімен мұның бәрі әзірге сөз ғана. Келіссөздерден нәтиже болмай тұр. Бұл істе тіпті халықаралық ұйымдар да қауқарсыз.
Израиль Газаға тағы шабуылдайды
Қазір Израиль Газа секторы аумағының шамамен 60%-ын бақылауда ұстап отыр. Анклавта «сары сызық» ұғымы бар. Былтыр қазан айында жасалған келісімге сәйкес, дәл осы демаркациялық шептің арғы жағында израильдік әскер орналасуы тиіс еді.
Ал екінші бетінде, яғни Жерорта теңізінің жағалауында палестиналықтардың басым бөлігі өмір сүреді. Атысты тоқтату туралы шешімге сәйкес, Израиль әу баста анклавтың шамамен 53%-ын ғана бақылауда ұстауға уағдаласқан. Бірақ биыл «сарғылт сызық» түсінігі пайда болды. Салдарынан қарапайым тұрғындар үшін қолжетімді жер аумағы тағы да 11%-ға шектелді.
Енді Израиль билігі бақылауды 70%-ға дейін арттырмақ. Бұл онсыз да ұлтарақтай жерде қалған 2 миллионнан астам палестиналық теңіз жаққа қарай ығысып, мәжбүрлі түрде қоныс аударады деген сөз.
БҰҰ ИЗРАИЛЬ ӘРЕКЕТІНЕ ҚАРСЫ
Израиль әрекеті Газа бойынша 20 тармақтан тұратын бітім жоспарына да, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына да қайшы келеді. Тараптар арасындағы келісім Израиль әскерінің аумақтан кезең-кезеңімен шығарылуын көздеп, тұрғындарды өз жерінде қалуға үндеген еді. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да мұны қостап, бейбітшілік жоспарында секторға әскери бақылауды кеңейту мәселесі қарастырылмағанын мәлімдеді. Ал халықаралық құқық бойынша басып алушы тарап бақылауда ұстап отырған аумақтың егемендігіне қол сұғып, заңды талап қоя алмайды. Мұндай әрекеттер әскери қылмыс саналады. Екіншіден, гуманитарлық құқық пен адам құқықтарының нормаларын сақтауға, яғни жергілікті халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуге міндетті. Мұндай міндеттемелер Газаға қатысты 1967 жылдан бастап күшіне енді. Ол кезде Израиль Газа секторын Мысырдан тартып алған еді.
Стефан Дюжаррик, БҰҰ Бас хатшысының баспасөз хатшысы:
- Газа секторы аумағының 100%-ы палестиналықтарға тиесілі болуы керек. Біз Израильді Газа аумағын тартып алудан бас тартуға шақырамыз. Бұл ұстанымды өзгертпейміз.
Ресми тараптар бітімге келгеніне қарамастан Газадағы қырғын жалғасып жатыр. Атысты тоқтату туралы режим күшіне енгелі бері Израиль шабуылдарынан 1 мыңға жуық палестиналық қаза болды. Шамамен 3 мың адам жарақат алды. Израиль ХАМАС-ты толығымен қарусыздандыруды талап етеді. Ал палестиналық ұйым ЦАХАЛ әскерлерін сектордан дереу шығаруды сұрайды. Сондай-ақ ХАМАС өкілі Хазем Кассем Газаны басқару ісін тапсыруға дайын екенін жеткізді. "Алайда бұған Израильдің өзі кедергі келтіріп отыр" дейді.
Бейбітшілік кеңесінен қайыр болмай тұр
АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен анклавты қалпына келтіру мақсатында құрылған Бейбітшілік кеңесінен әзірге қайыр болмай тұр. Арада төрт ай өтсе де жаңа құрылымға тиісті қаржы түскен жоқ. Осыған байланысты қажетті жобалар жүзеге аспай отыр, ал ұйымның болашағы бұлыңғыр. Бұл туралы Financial Times газеті хабарлады. Бұған дейін 9 мемлекет жалпы алғанда 17 миллиард доллар бөлуге уәде берген еді. Бірақ әзірге бұл міндеттемені тек БАӘ, Марокко және АҚШ орындады. Олар төлеген сома 1 миллиард долларға да жетпейді. Алайда Бейбітшілік кеңесі қаражат тапшылығын жоққа шығарды. Газа секторында негізгі инфрақұрылымның шамамен 90%-ы қираған. Оны қалпына келтіру үшін алдағы онжылдықта 70 миллиард доллардан астам қаржы қажет.
Айта кету керек, қазір Израильдің өзінде саяси ахуал шиеленісіп тұр. Израиль парламенті — Кнессет өзін өзі тарату туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Келесі сайлау қыркүйек айында өтуі мүкін. "Сондықтан Биньямин Нетаньяху сайлаушылардың алдында ұпай жинағысы келеді" дейді сарапшылар. Иран мен Ливандағы соғыс кезінде стратегиялық мақсаттарға қол жеткізе алмаған соң қазір Израиль премьер-министріне қысым күшейді. Егер Трамп әкімшілігі шара қолданбаса, Газада қанды қақтығыс қайта өршуі мүмкін деген қауіп бар.