Астана мен Алматының көрікті жерлері Кореяда таныстырылды

Астана мен Алматының көрікті жерлері Оңтүстік Кореядағы ірі туристік көрмеде таныстырылды.

Игі шараға тек туроператорлар ғана емес, өнерпаздар да қатысып, келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Оңтүстік Кореядағы ең ірі туристік көрме 41-рет өтіп жатыр. Алайда Қазақстанның екі ірі қаласы бұл көрмеге алғаш рет бірлесіп қатысып отыр. Еліміздің бас қаласының павильонында туристерге Астанадағы заманауи қонақүйлер мен жеңіл рельсті көлік  жүйесі туралы, сондай-ақ қала маңындағы Зеренді, Бурабай курорттары мен Қорғалжын қорығы жайлы ақпарат берілді.

Олжас Ибраев, Astana Tourism туризмді дамыту орталығы басқарма төрағасының орынбасары:

-  Өткен 2025 жылы Астанаға 1,6 миллионнан астам турист келді, оның 35 пайызы шетелдік қонақтар. Туристер саны 9 пайызға өсті және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Туризмнің ЖӨӨ-дегі үлесі 5 пайызға жуықтады. Қазір біз қысқы туризмді белсенді дамытудамыз. Оған сұраныс өте көп, өйткені Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тұрғындары қысты, қарды көрмеген. Сондықтан біз туристер нағыз қысқы демалыстан ләззат ала алатындай арнайы турөнімдерді әзірлеудеміз.

Сеул тұрғындары Алматы туралы жақсы хабардар, өйткені жақында жергілікті танымал телеарналар кореялық әртістердің Қазақстанның ірі мегаполисіне саяхаты туралы шоу бағдарлама көрсеткен болатын. Сол себепті биыл Алматыға Оңтүстік Кореядан келетін саяхатшылар саны рекордтық деңгейге жетеді деп ойлаймыз.

Жәнібек Мұқанов, Алматы қаласы туризм басқармасының бас маманы:

- 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласына 2,5 миллионға жуық туристтер келді. Оның ішінде 754 мың турист, ол өзге елдің туристтері, яғни жылдан жылға бізде туристтердің саны артуда Алматы қаласында. Кез келген шетел азаматтары бізде Алматы қаласында ең маңызды ең көп туристер баратын орындардың ішінде ол Медеу әрине Шымбұлақ кез келген уақытта жазда да қыста да қазіргі таңда ол жерлерге туристер бара алады. 

Қазастандық павильонға келушілер қазақ асханасының тағамдарынан дәм татып, ұлттық киімдерді киіп көріп, модельдермен және бойлары екі метрлік еңгезердей батырлармен суретке түсіп мәз  болысты.

Чу Мин Сон, Ансан қаласының тұрғыны:

- Мен қатты таңқалдым. Бойы тым ұзын болғандықтан, расымен адам ба деп күмәнданып та қалдым.  Корея мен Қазақстанды Ұлы Жібек жолы байланыстырған дегенді  естігем.  Барып, көріп қайтқым келеді.

Көрмеге әлемнің 40 елінен 423 ұйым мен компания қатысуда. Келушілер мен ұйымдастырушылардың айтуынша, бойлары биік азаматтар жұмыс істейтін қазақстандық павильондар ең танымал орындардың біріне айналды.

Владислав Цой, Ольга Лян