Қазақ тазысы әлемдік көрмеде таныстырылды. Live

Қазақ тазылары бүгін World Dog Show 2026 дүниежүзілік иттер көрмесінің негізгі бағдарламасына қатысты. Ал түстен кейін олар TOP Dog 2026 алаңында өнер көрсетеді. 

Қазақ тазысының World Dog Show 2026 көрмесінің негізгі бағдарламасына қатысуы - тұқымның халықаралық деңгейде мойындалғанын білдіреді. Бүгін таңертең тазы халықаралық судьялар, мамандар, ит өсірушілер және әртүрлі елден келген көрермендер алдында рингке шықты. Рингтік бағдарламаға қатысу арқылы тазының тұқымдық сипаты, сыртқы бітімі, жүріс-тұрысы, мінезі және Қазақстанның ұлттық тазысы ретіндегі жалпы келбеті көрсетілді. Ал кешке TOP Dog 2026 өтеді. Ол қалың көрерменге, медиаға және әлемдік көрме қауымдастығына арналған халықаралық шоу.

Біз қазір Қазақстанның ұлттық павильонының алдында тұрмыз. Оның аумағы қырық сегіз шаршы метрді құрайды. Павильон көрменің дәл ортасында орналасқан, ұлттық нақышта безендірілген және мыңдаған келушінің назарын аударып отыр. Жалпы көрмеде жетпіс елден үш жүз жетпіс тұқым тіркелген. Барлығы отыз бір мың ит ұсынылған. Солардың арасында он екі қазақ тазысы бар. Мамандардың айтуынша, тазы өзге тұқымдардың арасында сұлулығымен, келбетімен және тамаша мінезімен ерекше көзге түседі. Еске сала кетейік, екі жыл бұрын Халықаралық кинология федерациясы “қазақ тазысы” тұқымын алдын ала мойындап, оның шыққан елі Қазақстан екенін бекітті. Енді белгіленген кезең ішінде еліміз бұл тұқымды әрі қарай дамытып, асыл тұқымдық есеп жүргізуі, сондай-ақ түпкілікті халықаралық мойындауға қажет көрмелік және өзге де деректерді жинақтауы керек.