Сахарада жолдан адасқан 49 адам шөлден қаза тапты
Сахара шөлінің солтүстік бөлігінде орналасқан Нигер аумағында жүк көлігі бұзылып, кемінде 49 жолаушы шөлден қаза тапты, деп хабарлайды «24KZ» euronews-қа сілтеме жасап.
Қаза болғандардың барлығы Нигерия азаматтары болған. Олар Малиден діни мейрамнан кейін үйлеріне қайтып келе жатқан. Жолда көлік бағытынан жаңылып, Ассамака оазисінен шамамен 80 шақырым қашықтықта тоқтап қалған.
Жүргізуші мен жолаушылар көлікті бірнеше күн бойы өз күштерімен жөндеуге тырысқанымен нәтиже шықпаған. Су қоры таусылып, аптап ыстық жағдайды одан әрі қиындатқан. Адамдар шөлдің қақ ортасында қалып қойған.
Қайғылы оқиға туралы тек екі адамның аман қалып, 50 шақырымнан астам жерді жаяу жүріп өтіп, Ассамакаға жетіп көмек шақырғанының арқасында белгілі болды. Құтқарушылар оқиға орнына келген кезде көліктің маңынан адамдардың мәйітін тауып, оларды сол жерге жерлеген.
Жергілікті билік пен қоғамдық ұйымдардың мәліметінше, Сахара арқылы өтетін бағыттардағы қауіп-қатер жөнінде тұрақты ескертулер жасалғанымен, Алжир мен Ливия бағытындағы көші-қон және еңбек миграциясы жолдарында осындай қайғылы жағдайлар әлі де жиі кездеседі.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз