Иран қарымта қайтарды
Парсы елі АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери нысандарын шабуылдаған.
Ислам төңкерісі сақшылары корпусы Құрама Штаттардың Әскери-теңіз күштерінің әскери бекіністеріне, сонымен қатар Кувейт пен Бахрейндегі америкалық нысандарға соққы жасады. Осылайша барлығы 18 нысан талқандалған. "Пэтриот" байланыс жүйелері мен радиолокациялық кешендер нысанаға ілінді. Бұдан бөлек Иран әскері Ормуз бұғазынан рұқсатсыз өтпек болған 2 кемені суға батырған.
Есмаил Багаи, Иран сыртқы істер министрлігінің өкілі:
- Біз дипломатия мен соғыс алаңын бөлек қарастыра алмаймыз. Біздің жағдайда екеуі бір нәрсе. Біз осы 2 құралды Иранның ұлттық мүддесі мен қауіпсіздігін қорғау үшін қолданамыз. Иран әскері еш нәрседен тайынбайды. Жауға қарсы шабуыл жасау қажет болса, еш тайсалмастан тез әрекет етеміз. Өкінішке орай, АҚШ дипломатиялық үдерістерді мансұқтап отыр. Құбылып, түлкібұлаңға салып келеді. Сионистік режимнің табиғаты сондай болып тұр.