Өзбекстанда пластиктен жасалған жолдар пайда болады
Өзбекстанда автомобиль жолдарын салу кезінде пластик қалдықтарын пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды «24KZ».
Жаңа «экоасфальт» кәдімгі жол жабынынан бірнеше есе берік және суды өте аз сіңіреді. Жобаны «Экоасфальт» стартапын әзірлеген экобелсенді ұсынған.
Жаңа технология бойынша қайта өңдеуге келмейтін кейбір пластик түрлері асфальт-бетон қоспасына қосылады. Мамандардың айтуынша, бұл тәсіл қоршаған ортадағы қалдықтарды азайтып қана қоймай, жол сапасын да жақсартады.
Алдын ала сынақ нәтижелері бойынша «экоасфальттың» беріктігі кәдімгі асфальтпен салыстырғанда 2-3 есе жоғары болған. Сондай-ақ оның су сіңіру көрсеткіші небәрі 0,25 пайызды құраған.
Бұл материалдың ұзақ қызмет етуіне және бұзылуға төзімді болуына мүмкіндік береді.
Жобаны жүзеге асыру үшін қалдықтарды басқару және циркулярлық экономиканы дамыту агенттігімен ынтымақтастық орнатылған. Алдағы уақытта технология халықаралық стандарттарға сай қосымша сынақтардан өткізіліп, кейін жол құрылысына енгізілуі мүмкін.
Жаңа жоба ел басшылығына таныстырылып, инновациялық әзірлемелерді іс жүзінде қолдану қажеттігі атап өтілді.