Оңтүстік Кореяның экс-президенті тағы 30 жылға бас бостандығынан айырылды

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль «жауға жәрдемдесу» және «билікті асыра пайдалану» айыптары бойынша кінәлі деп танылып, тағы 30 жылға түрмеге кесілді. Бұл туралы «24KZ» Yonhap агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сот үкіміне сәйкес, Юн Сок Ёль 2024 жылдың желтоқсанында елде әскери жағдай жариялауға сылтау іздеген. Ол шекарадағы жағдайды ушықтыру мақсатында Солтүстік Корея аумағына ұшқышсыз дрондарды кіргізуді ұйымдастырды деп айыпталып отыр.

Осы іске қатысы бар елдің бұрынғы Қорғаныс министрі Ким Ён Хён да 30 жылға бостандығынан айырылды. Айта кетерлігі, арнайы прокурор бұрынғы министрге 25 жыл түрме жазасын сұраған болатын, алайда сот одан да ауыр үкім кесті.

Әскери жағдай енгізуге қолайлы жағдай жасау үшін айыпталушылар КНДР-ді арандату мақсатында әскери-психологиялық соғыс тактикасын қолдануды ұйғарған. Олар осы арқылы жергілікті қақтығыс секілді қарулы арандатушылықты тұтандыруды немесе әскери шиеленісті күшейту арқылы ұлттық қауіпсіздік саласында дағдарыс орнатуды көздеген», — делінген сот шешімінде.

Ал Юн Сок Ёльдің қорғаушылары бұл айыптаулармен келіспейді. Адвокаттардың уәжінше, дрондарды жіберу - КНДР-дің 2024 жылы Оңтүстік Кореяға қарай қоқыс толтырылған әуе шарларын ұшыруына қайтарылған заңды әскери жауап болған. Қорғаушы тарап сот шешіміне терең өкініш білдіріп, апелляциялық шағым түсіретіндерін мәлімдеді.

Бүгін, жұма күні шыққан бұл үкім - қазіргі уақытта қамауда отырғанына бір жылға жуықтаған экс-президентке қатысты шығарылған кезекті сот шешімі. Елде әскери жағдай енгізу әрекетіне байланысты оның үстінен жалпы саны 8 қылмыстық іс қозғалған болатын.

Еске сала кетейік, осыған дейін 2026 жылдың қаңтарында Юн Сок Ёль тұтқындауға кедергі келтіргені үшін 5 жылға сотталса, ақпан айында әскери жағдай жариялау арқылы «көтеріліс ұйымдастырғаны» үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған еді. Кейінірек ол бұл шешімге шағым түсірген болатын.