Олжас Бектенов: Үкімет Президент тапсырмаларын орындау үшін барлық қажетті шараны қабылдайды
Үкімет пен әкімдіктер Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген стратегиялық міндеттерді орындау үшін қолда бар ресурстарды тиімді жұмылдыруы керек. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды 24KZ.
Оның айтуынша, әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандарды салу және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту – негізгі міндеттердің бірі.
Президент Жолдауы біздің алдымызға тарихи мәні зор міндет қойып отыр. Ол – өскелең ұрпақтың игілігі үшін қуатты әрі озық экономикасы бар жаңа тұрпатты мемлекет құрып, аманат ету. Ол үшін Мемлекет басшысының барлық ауқымды реформалары мен стратегиялық бастамаларын табысты жүзеге асыруымыз қажет. Үкімет пен әкімдіктер әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандарды және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды салу мен жаңғырту үшін қолда бар ресурстарды тиімді жұмылдыруы керек, – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр халықаралық және ішкі логистиканы дамыту, көлік саласын цифрландыру және электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелерін шешудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғырту мен инновацияларды енгізу болашақта азық-түлік тапшылығының алдын алуға ықпал етеді.
Жолдаудағы басым бағыттардың бірі – инвестицияларды басқарудың тұтас жүйесін қалыптастыру. Бұл инвесторларды тартуға және оларға жан-жақты қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Шағын және орта бизнесті дамыту, бюджет және салық саясатын жетілдіру, сондай-ақ жалпы Қазақстанның цифрлық экономикасын белсенді дамыту ұзақмерзімді кезеңге арналған стратегиялық мақсат-міндеттерге қол жеткізуге ықпал етеді. Халықты әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі жаңа тәсілдер шын мұқтаж жандарға көмек көрсетуге мүмкіндік береді, – деді Премьер-министр.
Олжас Бектенов Үкімет Президент тапсырмаларын жүйелі түрде орындау үшін барлық қажетті шараны қабылдайтынын атап өтті.