Иран мен АҚШ өте таяу арада келісімге келуі мүмкін - Reuters
Рейтердің хабарлауынша, бүгін АҚШ пен Иран арасындағы текетеріс үшін маңызды күн.
Тіпті шешуші күн болуы мүмкін. АҚШ "Түсіністік туралы меморандумға" бүгін кешке қол қойылады деп мәлімдеді. Иран мұны растап отыр. Бірақ Тегеранның талаптары бар.
АҚШ президенті Иранмен "Түсіністік меморандумына" бүгін қол қойылады және содан кейін Ормуз бұғазы көп ұзамай ашылады деп хабарлады. Сонымен қатар Трамп Иранның енді ядролық қаруды қаламайтынын мәлімдеп, АҚШ байытылған уранды кезі келгенде алып тастау үшін Иранмен бірлесіп жұмыс істейтінін айтқан.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
«Бұл өте күшті "Түсіністік меморандумы". Иә аздаған тұжырымдамалары бар. Бірақ олар орындалатын нәрсе. Біз Иранға не істейтінімізді ашық әрі нақты айтып отырмыз. Қазір оларда Әскери-теңіз және Әуе күштері қалған жоқ. Оларда қарсыластың шабуыл құралдарын анықтайтын құрал да қалған жоқ. Сондықтан Иранның қолынан енді түк келмейді. Біз негізі бұл соғыста әскери тұрғыда баяғыда жеңіске жеткенбіз. Біз жеңе алмай отырған жалғыз нәрсе – жалған жаңалықтар».
"Түсіністік туралы меморандумға" цифрлы форматта таяуда қол қойылатынын Иран да растап отыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи мемлекеттік телеарнаның тікелей эфирінде мәлімдеді.
Аббас Аракчи, Иран Сыртқы істер министрі:
"Бұл соғыста Иран жеңіске жетті, ал нағыз жеңімпаз Иран халқы. Әрине мұндай жеңістен кейін оны келісім-шарт арқылы бекіткен абзал. АҚШ-пен арадағы Түсіністік меморандумы 2 кезеңнен тұрады: біріншісі қарулы қақтығысты аяқтау туралы келісім. Екіншісі түпкілікті бітімге келу туралы меморандум. Соңғы құжатта Иранның ядролық бағдарламасы және санкцияларды алу мәселесі қамтылады. Келісім аясында АҚШ соғыс бастамауға және қауіп-қатер төндірмеуге міндеттеледі. Атысты тоқтату барлық майдан даласында, оның ішінде Ливанда іске асуы тиіс. Егер осы меморандумның ережелері нақты іске аспаса, түпкілікті бейбіт бітім бойынша келіссөздер тоқтайды".
Осы меморандум туралы сөз шыққаннан кейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бүгін кешке Қауіпсіздік кабинетінің отырысын өткізетінін хабарлады. Тель-Авив аталған құжатта Иранның баллистикалық зымырандар бағдарламасын қамтымайды және ядролық бағдарламасына байланысты бастапқы қатаң ұстанымдар жұмсартылған деп айыптаған.
Ернат Қашқынов