Әлем чемпионатында нәсілшілдік үшін мексикалық шенеунік жұмыстан қуылды

Футболдан 2026 жылғы Әлем чемпионатында нәсілшілдік жанжал туындады. Оңтүстік Корея блогеріне қатысты әдепсіз қылық көрсеткен мексикалық мемлекеттік ұйымның басшысы дереу жұмыстан босатылды, деп хабарлайды «24KZ» New York Post баслымына сілтеме жасап.

Футболдан Әлем біріншілігі тек қызықты ойындарымен ғана емес, сонымен қатар стадиондағы тәртіптік мәселелерімен де назарға ілікті.  Мексиканың Халиско штатының геодезист-инженерлер алқасының басшысы Улисес Берналь нәсілшілдік әрекеті үшін қызметінен қуылды.

Оқиға Мексиканың Гвадалахара қаласында өткен А тобындағы Оңтүстік Корея мен Чехия құрамаларының матчында (1:1) орын алған. Өз елінің голына қуанған оңтүстіккореялық танымал блогер Юн Сун Джин трибунадағы жанкүйерлерді видеоға түсіре бастайды.

Дәл осы сәтте оның артында отырған Мексика құрамасының жейдесіндегі ер адам камераға қарап, саусақтарымен көзін қысып, нәсілшілдік белгі көрсеткен және бұл қылығына өзі мәз болып күлген. Видео желіге шыққан заматта үлкен дау тудырды.

Әлем чемпионатын тамашалау үшін жердің түбінен Мексикаға ұшып келіп, нәсілшілдікке тап болғаным ба? Әлде мен тым сезімталмын ба?» – деп жазды әлеуметтік желіде 9 миллион жазылушысы бар Юн Сун Джин.

Желі қолданушылары видеодағы ер адамның Мексиканың ресми мемлекеттік ұйымының жетекшісі Улисес Берналь екенін тез арада анықтады. Қоғамның қатаң сынынан кейін Берналь өз әрекеті үшін көпшіліктен кешірім сұрауға мәжбүр болды. Ол жасаған қателігін мойындап, атқарып отырған лауазымды қызметінен босатылғанын растады.

ФИФА мен Әлем чемпионатының ұйымдастыру комитеті кез келген түрдегі кемсітушілік пен нәсілшілдікке «мүлдем төзбеушілік» (zero tolerance) саясатын ұстанатынын және мұндай әрекеттер заң шеңберінде қатаң жазаланатынын тағы бір мәрте ескертті.

2026 жылғы Әлем чемпионаты тарихта тұңғыш рет 48 команданың қатысуымен үш елде өтіп жатыр. Айтулы дода 19 шілдеде мәресіне жетеді.