Ұрып-соғу мен тұрмыстық зорлық-зомбылық: Норвегия кронханшайымының ұлы сотталды

Осло округтік соты Норвегияның кронханшайымы Метте-Мариттің үлкен ұлы Мариус Борг Хёйбиге қатысты үкім шығарды. Корольдік отбасының мүшесі 4 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «24KZ» 730.no сайтына сілтеме жасап.

Сот 29 жастағы Хёйбиді зорлауға қатысты айыптың екі тармағы бойынша, сондай-ақ ұрып-соғу және тұрмыстық зорлық-зомбылықты қоса алғанда, бірқатар қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тапты. Атышулы тергеу амалдары 2024 жылдың жазында қызға жасалған бір шабуыл дерегінен басталып, екі жылдың ішінде қырыққа жуық қылмыстық эпизодпен толықты.

Сотталушы өзіне тағылған жыныстық зорлық-зомбылық фактілерін үзілді-кесілді жоққа шығарды. Соған қарамастан, ол тергеу барысында есірткі әсерінен бұрынғы серіктестерінің біріне күш көрсеткенін растап, басқа құқықбұзушылықтар бойынша кінәсін ішінара мойындады.

Мариус Борг Хёйби монархтар отбасының мүшесі атануы 2001 жылы анасы Метте-Мариттің кронханзада Хоконмен тұрмыс құруымен байланысты. Дегенмен оның ресми лауазымы мен таққа мұрагерлік ету құқығы жоқ.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енбеді - қорғаушы тарап та, айыпталушыны 7 жылдан астам уақытқа бас бостандығынан айыруды сұраған прокуратура да бұл шешімге шағым түсіруге құқылы.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз