АҚШ Ираннан кейін назарын Украина мәселесіне аударады
Бұл туралы Францияның Эвиан қаласында өтіп жатқан G7 саммитінде АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді.
Үш күнге созылатын жиын барысында қатысушы елдердің көшбасшылары Таяу Шығыс пен Украинадағы ахуал, Қытаймен қарым-қатынас және жасанды интеллектінің қарқынды дамуына қатысты ұстанымдарын пысықталып жатыр. Саммит АҚШ пен Иран келісімге келген шақта өтіп жатыр. Трамптың сөзінше, әлемдік мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізілімдерінің шамамен 20 пайызы өтетін Ормуз бұғазы жұмаға қарай «толық ашылады».
Айдана Айтбекқызы, тілші:
- Әлемге минералды суымен танымал француздың Эвиан-ле-Бен курорты G7 саммитін екінші рет қабылдап отыр. Үш күнге созылатын саммит дүйсенбі кешінде басталып, Германия, Франция, Италия, Канада, АҚШ, Ұлыбритания және Жапония көшбасшыларын жинады. Бұл елдердің үлесіне әлемдік жалпы ішкі өнімнің шамамен 45 пайызы тиесілі. Кездесуге сондай-ақ Еурокомиссия төрайымы, Еуропалық кеңес төрағасы және шақырылған қонақтар ретінде Бразилия, Үндістан, Украина, Оңтүстік Корея мен Кения өкілдері қатысуда. Саммиттің алғашқы күніндегі ең көп талқыланған оқиға Дональд Трамптың АҚШ пен Иран арасында атысты тоқтату жөніндегі келісімге қол жеткізілгені туралы мәлімдемесі болды. Бұл жаңалық келіссөздер басталмай тұрып-ақ барлық назарды өзіне аударып, күн тәртібін өзгертіп жіберді. Егер бір апта бұрын ұйымдастырушылар Таяу Шығыстағы жаңа соғыстың салдарын талқылауға дайындалса, енді әлем көшбасшылары бейбітшілік мүмкіндіктері туралы сөз қозғауы ықтимал. Сондықтан Дональд Трамп саммитке көтеріңкі көңіл күймен келіп, келісім Ормуз бұғазындағы шектеулерді жоюға көмектесетінін айтты. Саммит қожайыны Эммануэль Макрон америкалық президентті пленарлық отырыс басталар алдында қарсы алды. Екіжақты кездесуде тараптар Иранмен жасалған келісімді, Украинадағы ахуалды және АҚШ-тың француз тауарларына енгізген кедендік баждарын талқылады. Журналистер алдында сөйлеген Макрон Францияның Ормуз бұғазының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысуға дайын екенін мәлімдеді.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Бізге көп көмек қажет болады деп ойламаймын, өйткені бұғаздың ашық болуын және одан еркін өтуді қарастыратын келісім бар. Дегенмен бірнеше елдің бұл аймаққа бір-екі кеме жіберуі жаман ой емес. Франция бұл міндетке өте лайық ел болар еді. Алайда мен бұғаз ашық болады және кеме қатынасы еркін күйінде қалады деп ойлаймын.
Эммануэль Макрон, Франция президенті:
- Қол қойылған келісімнің маңызы өте зор. Ең алдымен, ол ядролық мәселені реттеуге мүмкіндік береді, ал бұл бүкіл әлемдегі бейбітшілік үшін аса маңызды. Сонымен қатар келісім Ормуз бұғазының қайта ашылуын қамтамасыз етіп, Ливанда бейбітшіліктің орнауына ықпал етеді. Біз өз тарапымыздан осы келісімді қолдауға дайынбыз.
Көшбасшылардың алғашқы ортақ кездесуі дүйсенбі кешінде дәстүрлі түрде кешкі ас форматында өтті. Саммиттің күн тәртібі кең ауқымды мәселелерді қамтиды. АҚШ пен Иран арасындағы соңғы келісім аясында қатысушылар Таяу Шығыстағы жағдайды, Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігін және өңірдегі шиеленістің қайта күшею қаупін талқылайды. Сонымен қатар әлемдік экономика мен жаһандық экономикалық теңгерімсіздіктерді азайту мәселелеріне ерекше назар аударылады. Негізгі тақырыптардың бірі – Украина. Сейсенбі күні Владимир Зеленскийдің қатысуымен арнайы сессия өтеді. Еуропалық көшбасшылар бұл кездесуді Киевке қолдауды үйлестіру және Дональд Трампты Украина бойынша келіссөздерде белсендірек ұстаным ұстануға көндіру үшін пайдаланбақ.
Сәрсенбі күні саммит цифрлық экономика мен жасанды интеллект мәселелеріне арналады. Осы талқылауларға қатысу үшін Франция OpenAI, Anthropic, Mistral және басқа да жетекші технологиялық компаниялардың басшыларын шақырды. Саммит Версаль сарайындағы АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына арналған салтанатты кешкі аспен қорытындыланады. Жалпы алғанда, Эвиандағы бұл кездесу шілде айында өтетін НАТО саммиті қарсаңында одақтастардың ұстанымдарын үйлестірудегі маңызды кезең ретінде қарастырылып отыр.
Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан