Бір күнде 164 млрд доллар: Илон Маск тағы бір тарихи рекорд орнатты

Фото: Илон Маск

SpaceX акцияларының қымбаттауы Илон Масктың байлығын бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізді. Бұл туралы «24KZ» Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

SpaceX акцияларының күрт өсуінен кейін Илон Масктың дәулеті 1,3 трлн долларға жетті.  Бір тәуліктің ішінде оның байлығы 164 млрд долларға артқан. Бұл көрсеткіш кейбір әлемдік миллиардерлердің өмір бойы жинаған капиталымен пара-пар.

Осылай ол әлемдегі алғақшы триллионер атанды.

Мәселен, Масктың бір күндік табысы Билл Гейтс пен Уоррен Баффеттің қазіргі жалпы байлығынан да асып түскені айтылады.

Сонымен қатар SpaceX компаниясының нарықтық құны 2,2 трлн доллардан асып, оны әлемдегі ең ірі компаниялардың қатарына қосты. Қазір компания нарықтық капитализациясы бойынша үздік алтылыққа еніп, Amazon-ды басып озуға жақын.

Инвесторлардың жоғары сұранысына байланысты SpaceX қосымша 83,3 млн акцияны сатылымға шығарды. Соның нәтижесінде компания 86,2 млрд доллар көлемінде қаражат тартып, тарихтағы ең ірі акция сату мәмілелерінің бірін жүзеге асырды.

Сарапшылардың пікірінше, бұл көрсеткіштер жасанды интеллект пен жоғары технологиялар дәуірінің қарқынды дамып жатқанын аңғартады.