АҚШ – Израиль мүддесі тоғыспай тұр

Бұл арада Иранға қарсы күш біріктірген АҚШ пен Израильдің арасы ашылатын түрі бар. Дональд Трамп Бейрутке кейінгі жасалған шабуылдарды сынап, Биньямин Нетаньяхуге ескерту жасады.

Тегеранның да уәжі осы болатын. Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи, «Израиль әскері Ливаннан әскерін толық әкетпей, АҚШ-пен бейбіт келісімге келу мүмкін емес» деп мәлімдеді. Осыған дейін тараптар ортақ ымыраға келгендей түр танытқан еді. Алайда бұған Израильдің әрекеті тосқауыл болып отыр. 

«Израиль шабуылдарының салдарынан, Ливанда бейбіт тұрғындар қаза тауып жатыр». Бұл жайтты АҚШ енді мойындап отырған сыңайлы. Ал статистикаға сүйенсек, қақтығыс құрбандарының саны 4 мыңға жуықтады. Дональд Трамп Израильдің Хезболлаға қарсы тартысы тым ұзаққа созылғанын айтады. Бұл Иранмен келісімге келу үшін кедергі келтіретінін Ақ үй басшысы ұғып отыр. Осы үшін басты одақтасы Биньямин Нетаньяхуды Ливанға қарсы қақтығысқа жауапкершілікпен қарамады деп сынады. 

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

 - Израильдің әрекеттеріне көңілім толмайды. Олар соғысты әлдеқайда жылдам аяқтауы керек еді. Бір адамды іздеп жүрмін деп көпқабатты тұрғын үйді қиратудың қажеті жоқ. Өйткені ондай ғимараттарда қарапайым тұрғындар тұрады және олардың барлығы «Хезболланың» адамдары емес. Осындай кезде бүкіл мәселенің төңірегінде жағымсыз пікір қалыптасады. Бұл - Иранға қатысты мәселе. Жалпы Израильмен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Егер мен араласпағанда, Израиль әлдеқашан жермен-жексен болар еді.  

Трамп өзінің және өз мемлекетінің қатысуынсыз Биньямин Нетаньяху ойындағасын орындай алмас еді дейді. АҚШ пен Иран арасындағы атысты тоқтату туралы келісім толық орындалу үшін, Израиль Ливандағы әрекеттерін тоқтатуға тиіс. Бірақ бұған Израиль премьер-министрінің құлақ түрер түрі көрінбейді.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

 - Біз Ливанда өз буферлік зонамызды құрдық. Бұл Израильдің қауіпсіздігі үшін жасалған шаралар. Әрі онда қанша қаласақ, сонша уақыт қаламыз. Иран біздің бұл жерден кеткенімізді қалайды. Бірақ бұл ешқашан орындалмайды. Өйткені менің бағытым айқын. Не істеу керегін өте жақсы білемін. Бұл шешімімді америкалық достарымыз құптайды деп сенемін.

Иран экономикасы үшін қор құрылуы мүмкін

Тегеран әуелде соғыс салдарынан келген шығын үшін АҚШ-тан 400 миллиард доллар өтемақы талап еткен. Алайда Вашингтон мұндай соманы төлеуден бас тартты. Іле-шала құны 300 миллиард долларлық «Қайта құру және даму қорын» ((Reconstruction and Development Fund)) құру идеясы ұсынылды. Онда несие беру, кредиттік желілер ашу немесе соғыс кезінде зақымданған нысандарды қалпына келтіруге арналған тікелей қаржыландыру бар. Мұндай нысандар қатарына Мобараке металлургиялық кешені, мұнай өңдеу зауыттары, әуежайлар және қақтығыстан зиян шеккен басқа да инфрақұрылымдар кіреді. Жалпы ертеректе 92 миллион тұрғыны бар Иранның экономикасы онсызда қуатты еді. Тек кейінгі 40 жылда АҚШ пен басқа мемлекеттердің санкцияларына байланысты әлемдік нарықтан оқшауланып, шетелдік инвестициялардан қағылған.

Джей Ди Вэнс, АҚШ вице-президенті:

- Иран Вашингтонмен жасалған келісімнің шарттарын орындаған жағдайда, соның ішінде ядролық бағдарламасын, байытылған уран қорларын жойып және қатаң инспекция мен бақылау режимін қабылдаған жағдайда, Парсы шығанағы елдері қолдайтын 300 миллиард долларлық қайта құру қорына ие болады.

Бұл қорды кім және қалай басқаратыны туралы әзірге белгісіз.  Тек қаржыландыру міндеттемесін алған компаниялар қатарында Оңтүстік Корея, Жапония, Сингапур, Малайзия және АҚШ компаниялары бар. Алайда бұл ұсыныстың жүзеге асуы ең алдымен өңірдегі қауіпсіздікке байланысты. Ал Израильдің Ливандағы әскери операциялары жалғаса берсе, Тегеранның да келіссөз үстеліне қайта оралуы екіталай.

АҚШ – Иран келісімінде түйткілдер көбейді

Вашингтон мен Тегеран бірнеше айға созылған келіссөздердің нәтижесінде ортақ мәмілеге жақындай түскен еді.

Тараптар арасында санкцияларды кезең-кезеңімен жеңілдету, Иранның ядролық бағдарламасына халықаралық бақылауды күшейту және экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланған. АҚШ әкімшілігі бұл құжат Таяу Шығыстағы шиеленісті төмендетіп, өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп есептейді. Израиль Иранның ядролық әлеуетіне қатысты алаңдаушылығын жасырмай айтып келеді. Сондықтан Израиль билігі Тегеранға қатысты қысымды әлсіретуге бағытталған кез келген қадамға сақтықпен қарайды. 

Вашингтон Иранмен мәмілеге келгенмен, Израильдің Ливандағы әрекеттері жағдайды кез келген уақта ушықтыруы ықтимал. Сондықтан көптен күткен келісімнің шын мәнінде жүзеге асуы бірнеше тараптың саяси ұстанымына байланысты болып қала бермек.