Пәкістанда жарылыстан 7 адам қаза тапты
Пәкістанның Ауғанстанмен шекарасына жақын маңда екі бірдей жарылыс болды. Салдарынан кемінде жеті адам қаза тауып, тағы үшеуі жарақат алған.
Полицияның мәліметінше, алдымен жарылғыш зат тұрақтағы көліктің жанында іске қосылған. Кейін зардап шеккендерді ауруханаға апарар жолда екінші жарылыс болған. Ел президенті Асиф Әли Зардари шабуылды айыптап, қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты. Қазір Пәкістан мен Ауғанстан қарым-қатынасы шиеленіскен күйде қалып отыр. Ресми Исламабад Кабулды шекарадан өтетін содырларға қолдау көрсетіп отыр деп айыптайды. Қарсы тарап бұл мәлімдемені жоққа шығарып келеді.