Әлемдік технологиялық алпауыттар Азияға ойысты
Әлемнің технологиялық орталығы Азияға қарай ойысып жатыр. Бұл аймақ тұрақты өсім көрсетуде.
Жаһандық инновациялық индекс деректеріне сүйенсек, былтыр Оңтүстік Корея төртінші орынға табан тіреді, ал Қытай үздік ондыққа енді. Инновациялық елдер тізімінде бесінші орында – Сингапур тұр.
Әлемдік инновация орталықтарының назары Азияға ауды. Америкалық кремний алқабына енді Сингапур, қытайдың Шэньчжэнь және үндістанның Бангалор қаласы бәсекелес болады. Мұндай ғаламдық құбылысқа аймақтағы арзан жұмыс күші және саладағы жетекші мамандардың қашықтан жұмыс істеу форматына көшуі ықпал еткен. Әрине, мемлекеттік қолдау да бар. Мәселен, Бангкок билігі «Thailand 4.0» бағдарламасын жариялап, қаржылық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы «ақылды» стартаптарды тартуда. Ал Сингапурда әлемдегі ең ірі мемлекеттік инвестициялық компаниялардың бірі жұмыс істейді.
Ольга Эм, инвестициялық сарапшы:
- Америкада көбінесе жеке капитал шоғырланған. Жобалар негізінен жеке корпорациялар мен жеке бизнестің қаржыландыруымен іске асады. Азияға келетін болсақ, Қытай мемлекет ретінде жад технологиясына өте қатты инвестиция құйып жатқанын анық көріп отырмыз. Ал Сингапур флагман ретінде мемлекеттік және квазимемлекеттік холдингтердің өте тиімді бола алатынын дәлелдеп көрсетті.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша жаһандық инновациялық индексте Оңтүстік Корея рекордтық төртінші орынды иеленді. Биыл чиптерге деген әлемдік сұраныс Samsung пен SK Hynix компанияларына рекордтық пайда әкелді. Осы технологиялық алпауыттардың қызметкерлері елдегі ең жоғары жалақы алатын мамандар қатарында, себебі операциялық пайдаларының шамамен 10%-ы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсалады. Ал бір ай бұрын Samsung Electro-Mechanics ірі американдық технологиялық корпорациямен шамамен 993 миллион АҚШ долларына келісімшартқа қол қойғанын хабарлады. Оңтүстіккореялық компания өз серіктесіне кремний конденсаторларын – қазіргі микросхемалар мен жартылай өткізгіш корпустарының негізгі компонентін жеткізетін болады.
Ольга Эм, инвестициялық сарапшы:
- Оңтүстік Корея не істеп жатыр? Ол өзі үшін жасанды интеллект пен жартылай өткізгіштер индустриясын стратегиялық маңызды бағыт ретінде айқындады. Мұнда мемлекеттің өзі де осы техностартаптарды қолдайды. Әрине, біз қазір инженерлік индустрияда, соның ішінде жасанды интеллект саласында мықты мамандарға визаның оңай берілетінін көріп отырмыз. Корея өз амбициясын жасырмайды, 2035 жылға қарай әлемнің дамыған ТОП-5 экономикасының қатарына енуді мақсат етіп отыр.
Әлемдегі ең инновациялық елдер қатарында еуропалық мемлекеттер қала береді. 15 жыл бойы жаһандық инновациялық индексті Швейцария бастап келеді. Үздік ондықта Швеция, Ұлыбритания, Финляндия, Нидерланд және Дания бар. АҚШ – үшінші орында. Технологиялық жарыста әзірге Америка көш бастап тұр, дегенмен Қытай қазірдің өзінде АҚШ-қа тегеурінді бәсекелес болуда.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян