Құрылыс саласы – экономиканың күретамыры

Бүгінде жаһандық құрылыс индустриясы жай ғана ғимарат салу емес, технологиялық жарыс пен тұрақтылық алаңына айналды. Сонымен қатар әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ауқымды инфрақұрылымдық жобалар миллиондаған адамды жұмыспен қамтып, экономикаға жан бітіреді.

Инфрақұрылымдық құрылыс тек ғимарат салу емес, ол – цемент, металлургия, логистика және қызмет көрсету салаларын бір уақытта қозғалысқа келтіретін мультипликативті күш. Экономика ғылымында бұл құбылысты «мультипликативті әсер» деп атайды. Қарапайым тілмен айтқанда, құрылысқа салынған әр 1 доллар сабақтас салаларды дамыту арқылы экономикаға 2,5-3 доллар болып қайтады. 

Құрылыс басталса, металлургия жанданады, цемент зауыттары іске қосылады, логистика дамиды, машина жасау саласына сұраныс артады.

Халықаралық сарапшылардың мәліметінше, әлемдік құрылыс нарығының ауқымы қазір 17 триллион доллардан асады. Ал бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 21 триллион долларға жетуі мүмкін. Геосаяси құбылмалылық пен инфляциялық қысымға қарамастан, дамыған елдер дәл осы секторды экономиканың басты драйвері ретінде сақтап қалуға барын салуда. Мәселен, биыл жаһандық құрылыс өндірісінің өсімі 1 жарым пайыздық көрсеткішпен қайта қалпына келу динамикасын көрсетті.

Алан Яу, жылжымайтын мүлік маманы:

- Әлемдік құрылыс саласының қарқыны өте зор, жоспары ауқымды, амбициясы жоғары, бірақ инвестициялық стратегияларда сақтық таныту басым. Қазіргі әлемдік дамуда белгісіздік белең алып тұр. Сондықтан құрылыс саласына қатысты бүгінгі басты міндет – шығынды үнемдеу, сыналған тәсілдерге сүйену және ең тиімді жобаларды ғана таңдап жүзеге асыру.

Құрылыс саласының қарқын алуына урбандалу, мемлекеттік инфрақұрылым бағдарламаларының кеңеюі және сұраныстың артуы себеп. Кейінгі жылдары бұл салаға жаңа технологиялар көптеп енгізіле бастады. Бұл бірінші кезекте уақыт пен шығынды үнемдеу үшін қажет. Мамандар дайын блоктарды зауытта құрастырып, нысан басында тек монтаждау әдісін қолданады. Құрылыстағы осы жаңа бағыттың жаһандық нарықтағы үлесі 155 миллиард долларлық деңгейге жетті. Салаға жеке инвестициялар баяулаған тұста АҚШ, Сауд Арабиясы және Еуропа елдері мемлекеттік бюджет есебінен ірі инфрақұрылымдық жобаларды тікелей қаржыландыруды экономиканы дамытудың басым бағытына айналдырды.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Джорджия штатында келесі айда үлкен зауыттың құрылысын бастаймыз. Осы мақсатта 4 миллиард 200 миллион доллар ақша инвестиция бөлінді. Жаңа зауыт жылына 200 мың көлік шығарады. Бұл орасан зор жоспар. АҚШ-тың құрылыс және машина жасау өнеркәсібі тарихында мұндай ірі инвестиция салынып көрген емес. Қаржы көлемі жалпы 40 миллиард долларға жетеді. Сонымен қатар, 30 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Әлемдік құрылыс компанияларының 37 пайыздан астамы жобалау мен қауіпсіздікті бақылауда жасанды интеллект мен робототехникасын қолданысқа енгізді. Соның жарқын бір үлгісі  – мына «Яскава» роботы. Әдетте ол «Мерседес», «Порше» және «Ягуар» көліктерін құрастырады, ал қазір кірпіштен қабырға тұрғызып жатыр. Оның операциялық жадында барлық сызбалар мен жоспарлар сақталған. Ол өздігінен жұмыс істей береді. Оған кірпіш берсеңіз жеткілікті әрі қарай өзі қиюластырып қалай береді.

Ян Теленский, компания басшысы:

- Жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша Ұлыбританиядағы кірпіш қалаушылардың орташа жасы 46 жас екені анықталды. Қазір бұл кәсіпті ешкімнің үйренбей жатқанын білдіреді. Сонда егер бізге кірпіш қалаушы маман керек болса, 20 жылдан кейін үйлерді кім салады?

Кірпіш қалаушы роботтар салған қабырғаның ауытқу дәлдігі бар болғаны 2 миллиметрді құрайды. Ал кәдімгі кірпіш қалаушылардың мұндай сапаға қол жеткізу деңгейі 1 пайыздан аспауы мүмкін. Жалпы сарапшылар: «ХХІ ғасырдың құрылыс саласын заманауи технологиясыз елестету қиын»,- дейді.

Авторы: Ернат Рахметолла

Сондай-ақ оқыңыз: