Еуропада ыстықтан жануарлар да зардап шегуде
Қоңырсалқын дейтін Еуропаңыз да ыстықтың көкесін енді көрді. Берлинде термометр бағаны +35 градустан түсер емес.
Мұндайда адамдар амалдар, ал жануарлар қайтеді?! Осыны ескеріп хайуанаттар бағындағы маймылдарға балмұздаққа дейін таратылып жатыр. Жеміс те мұздатылып беріледі. Аюлар да салқын тәттімен қоректенеді. Ал алып мүйізтұмсықтарға күніне бірнеше рет су шашпаса қиын. Мамандардың айтуынша, жануарлардың ыстықта тұруынан жатуы көп. Белсенділік төмендеген. Сол себепті хайуанаттар бақтарында бассейн, көлеңкелі орындар мен салқындатқыш болмаса қиын.