Орталық Азияда ыстық күндер көбейеді

Климаттың өзгеруі Орталық Азияның азық-түлік қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер етеді. Дүниежүзілік банктің болжамы осындай.

2050 жылға қарай аймақта ыстық күндер көбейіп, температура 50 градустан төмендемейтін болады. «Мұның экономикалық зардабы да күшті», - дейді ғалымдар. Авторлардың пайымдауынша, аптаптың салдары біраз елдің ішкі жалпы өнімін шамамен 2,5 пайызға төмендетуі ықтимал.   

Дүниежүзілік банк келтірген деректерге сүйенсек, 2050 жылы Орталық Азия мен Еуропаның кейбір мемлекеттерінде ыстық күндердің саны 70-ке дейін ұзарып, температура 50 градустан төмендемейді. Бұл адам өміріне қауіп төндіріп, өлім жітімді арттыруы мүмкін. Ташкенттегі Киото университеті филиалының ғалымы Тимур Ходжаназаров Орталық Азиядағы тау мұздықтарын терең зерттеп жүрген маман.

Айтуынша, соңғы жылдардағы метеорологиялық нәтижелер көңіл көншітпейді.

Тимур Ходжаназаров, экология ғылымдарының докторы:

- Жалпы мұздықтар – бұл климаттың өзгеруін көрсететін негізгі индикатор. Ол – ғылыми тұрғыда дәлелденген қағида. Мәселен, шетелдік ғалымдар Антарктида мұздықтарын зерттеудің негізінде жер температурасының өзгеру барысын бақылай алады. Ондай жұмыстар Орталық Азия аймағында да жүргізіледі. Біздің болжам бойынша алдағы 50 жылда климаттың өзгеруінен Орталық Азия елдерінде су тапшылығы ерекше сезілетін болады.

Узгидромет орталығының мамандары статистикалық есептерден ауа райының жылдан жылға өзгеріп жатқанын көріп отыр. Ыстық климат тұрғындардың тұрмыс тіршілігіне де әсер етіп, денсаулыққа тигізер зияны артқан.  

Еркен Аблахатов, Экология министрлігі «Узгидромет» орталығының ғылыми қызметкері:

- Былтыр бізде мамыр айында тарихта тіркелмеген ыстық температура болды. Көктемде 45 градустық ыстық күндер адамдардың денсаулығына әлбетте әсер етті. Депрессияға ұшырап, көптеген ауруларды қоздырады. Бұл бізге берілген сигнал. Демек 2050 жылға дейін климаттың өзгеруін күтіп отырмай, әрекет етіп, жаңа технологияны дамыту қажет.

Дүнижүзілік банк ыстықтан қорғанудың бірден бір амалы жасыл желекті көбейтіп, инфроқұрылымды соған икемдеудің жолдарын ұсынбақ. Аптап ыстық адамның жұмыс істеу қабілетін төмендететіні анық. «Демек қазірден бастап салаға жаңа технология еңгізудің маңыздылығы жоғары», - дейді зерттеу авторлары.