ХВҚ: Қазақстан экономикасы биыл 4,4%-ға өседі

Халықаралық валюта қоры биыл Қазақстан экономикасы 4,4%-ға, ал келесі жылы 4,9%-ға өседі деп болжап отыр. Ұлттық банкте ұйымның Кавказ және Орталық Азия елдеріне арналған өңірлік шолуы таныстырылды. Сарапшылар Таяу Шығыстағы соғыс салдарынан логистиканың бұзылуы бағаға қалай әсер етіп жатқанын және Кавказ бен Орталық Азия елдері экономикалық өсімді сақтау үшін қандай шаралар қабылдауы керек екенін түсіндірді, деп хабарлайды 24KZ.

Таяу Шығыстағы шиеленіс энергетикалық ресурстардың жеткізіліміне кедергі келтірмей қоймады. Өндіріс көлемі қысқарып, сауда айналымы төмендеді. Соған қарамастан, Кавказ және Орталық Азия елдерінің экономикасы сыртқы күйзелістерге төтеп бере алатынын көрсетті. Мәселен, Қазақстан экономикасы қаңтар-қыркүйек айларында 4,2%-ға өсті. Оған негізінен құрылыс пен өңдеу өнеркәсібі серпін берді.

Роберто Кардарелли, ХВҚ Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері департаменті директорының орынбасары:

– Өңірдегі соңғы оқиғалар экономикалардың сыртқы «шоктарға» төзімді екенін көрсетті. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Әзербайжан мен Қазақстаннан мұнай экспортының көлемі біршама қысқарды. Дегенмен экспорт ауқымы әлі де жоғары. Өңір елдерінде жалпы ішкі өнім өсіп келеді. Атап айтқанда, Қырғызстан мен Тәжікстандағы экономикалық өсімге шетелден келетін ақша аударымдарының артуы ықпал етті. Бұл қаражат ішкі жиынтық сұранысты қолдап отыр.

Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, аймақта инфляция деңгейі біртіндеп төмендейді. Ал келесі жылы жалпы ішкі өнімнің өсімі 5%-ға дейін баяулауы мүмкін. Ендігі міндет – ұлттық экономикалардың сыртқы «шоктарға» тәуелділігін азайту. Ұйым сарапшылары бюджет резервін сақтап, жұмсау тиімділігін арттыруды ұсынып отыр. Сонымен қатар экспорт көлемін кеңейтіп, жаңа нарықтарға шығуға кеңес береді.

Флориан Миш, ХВҚ Еуропа департаментінің аға экономисі:

– Экспортты ынталандыру үшін экспорттаушы салаларға субсидия беруге болады. Алайда бұдан әлдеқайда аз шығынды қажет ететін басқа да тетіктер бар. Соның бірі – білім беру мен кадр даярлауға бағытталған құрылымдық реформалар. Білікті мамандар болған жағдайда кәсіпорындарға жаңа өндірістік желілерді іске қосып, өнім шығару көлемін арттыру әлдеқайда жеңіл болады.

Қазақстанда қазан айында жылдық инфляция 9,2 пайызға дейін баяулады. Ұлттық банктің межелі көрсеткіші – 5%. Ал реттеуші биыл ел экономикасының өсімі 4,5-5,5% аралығында болады деп болжайды.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Ырыстанбек Оспанов

Сондай-ақ оқыңыз: