Алтынды бұйым ретінде сатудан балқытып өткізу тиімдірек
Алтын бұйымды сатқаннан гөрі өткізген тиімді.
Қазір әсіресе алтын баулы сағатты балқыту орындарына өткізетіндер көбейді. Өйткені зергерлік бұйымнан алтын құйманың құны жоғары. Ал білектегі алтын сағатты сол күйінде сатсаңыз, аса пайда көре алмайсыз.
Дүниеде дүрбелең туса, алтынның да қадірі артады. Баяғыдан солай. Асыл металдың саудасы, сөйтіп, қайта қызды. Арты жақсылық болғай. Енді бұдан әріде қалай болады? Алтын бағасы қалай құбылуы мүмкін?
Кезінде тек Голливуд жұлдыздары тағатын швейцариялық Omega Constellation секілді сағаттар қымбат еді. Бірақ қазір оның игілігін бұйым ретінде емес, шикізат түрінде көбірек көруге болады. Өйткені әшекейден алтын құйма қымбатқа сатылады. Сондықтан сағатты балқытуға өткізетіндер көбейген. Соның бірі Нью-Йорк тұрғыны Митчелл Талисман. Есепке жүйрік инженер ата-анасынан мұраға қалған сағатты алтын сынығы ретінде өткізіп, едәуір пайда көрген.
Митчелл Талисман, Нью-Йорк тұрғыны:
- Зергерлік бұйымдарды сатудың машақаты көп. Мұның түпнұсқа екенін дәлелдеу керек. Суретке түсіріп, жарнама беру керек. Бұдан соң қалаған бағаңа сата аласың ба? Өйткені уақыт өте бұйым тозады ғой. Ал балқытып, құйма ретінде өткізу әлдеқайда оңай.
Алайда бұл жағдай бәріне бірдей әсер еткен жоқ. Мәселен, Rolex пен Patek Philippe-нің өнімдері баяғыдай өте қымбат бағаланады. Тиісінше оларға сұраныс та жоғары. Сондықтан бағасы да шарықтап тұр.
Оливер Мюллер, консалтингтік компанияның негізін қалаушы:
- Таяу Шығыстағы шиеленіс швейцариялық сағат экспортына қатты әсер етті. Бұл аймақ біздің нарықтың негізгі тұтынушысы саналады. Әсіресе Біріккен Араб Әмірліктерінде сауда баяулады. Біздің сала үшін ең үлкен қауіп - экономикалық және саяси тұрақсыздық. Бұл мәселе саудамызды тұралатып тастауы мүмкін.
Сарапшылар әшекей жинау бұл инвестиция емес, дейді. Өйткені бүгінгі қымбат баға ертең төмендеуі мүмкін. Ал Бүкіләлемдік алтын кеңестің дерегіне сүйенсек, биыл алғашқы 3 айда оны қайта өңдеу көлемі 5 пайызға артып, 370 тоннаға жеткен. Қаржыгерлер болса жыл аяғына дейін алтын құйманың бір унциясы тағы қымбаттауы мүмкін деп отыр. Сондықтан зергерлік бұйымды балқытуға өткізу биыл артпаса, кемімейді, дейді мамандар.
Зайнұр Байжігіт