Ұлыбритания ЕО-ға қайтып қосыла ма?

Кейінгі 10 жылда Ұлыбритания инвестицияның 12 пайызынан, жалпы ішкі өнімнің 6-8 пайызынан қағылды.

Бұған Brexit себеп. Осыдан 10 жыл бұрын Тұманды Альбион Еуроодақпен ат құйрығын кескен еді. Қазір британдықтардың 60 пайызы сол кездегі таңдаудың қате болғанын мойындап отыр. Мұны YouGov платформасы жүргізген сауалнама қорытындысы көрсетті.

Ұйымнан қол үзіп қалған Лондон билігінің енді не ойлағаны бар? Еуроодақ Англияны қайта қатарына қоса ма? Сарапшылар не дейді?

Осыдан он жыл бұрын Ұлыбритания халқы тарихи таңдау жасады. Сол кезде билік өз заңымызды өзіміз қабылдап, АҚШ секілді алпауыт елдермен тиімді сауда келісім жасаймыз. Ал үнемделген миллиардтарды әлеуметтік салаға бағыттаймыз деп уәдені үйіп төккен еді. Көпшілік 10 жылда Брекситтің пайдасын әлі көрген жоқпыз дейді.

Кристина Уэймарк, Лондон тұрғыны:

- Брекситті ешқашан қолдаған емеспін. Менің болашақ күйеуім Швецияда тұрады. Қасына көшіп барайын десем Шенген аймағының талабы мен үшін кедергі болып тұр.

Brexit-ке дейін Ұлыбритания Еуроодақтың екі негізгі талабынан босатылған еді. Тұманды Альбион еуро валютасына көшпеді. Сондай-ақ Шенген аймағына қосылған жоқ. Бұдан бөлек, мүшелік жарнаны жеңілдікпен төлейтін. Алайда сарапшылар Англияны ешкім бұрынғыдай жарылқамайды.  

Ұйымға оралса, бәріне ортақ талаппен қабылдайды, деп топшылайды. Қазір одаққа қосылуға Черногория, Украина, Молдова, Албания, Сербия секілді біраз ел кезекте тұр. 

Чарльз Грант, Еуропалық реформалар орталығының директоры:

- Ұлыбританияда Brexit-тің басты жақтаушысы Найджел Фараждың ықпалы артып келеді. Егер ол билікке келсе,  Еуроодақпен жасалған келісімдердің күшін жоюы мүмкін деген қауіп басым. Әрине, инфрақұрлымы әуелден қалыптасқан әрі бес қаруын сайлаған ірі сауда ойыншысымен әріптестіктен ешкім қашпайды.  Бірақ Англияны бұрынғы шартпен қабылдаса, Франция мен Германия да дәл сондай жеңілдік сұрауы мүмкін. Сондықтан Брюссель екі оттың ортасында қалғысы келмейді.

Сарапшылар болашақта Еуроодақ Лондонмен Швеция үлгісіне ұқсас келісім жасауы мүмкін деп топшылайды. Яғни Тұманды Альбион ұйымның толық мүшесі атанбай-ақ, ортақ нарықтың кейбір мүмкіндіктерін пайдалануы ықтимал.

Мишель Барнье, Еуроодақтың Brexit бойынша келіссөз жүргізген бұрынғы комиссия мүшесі:

- Дәл қазір Ұлыбританияға Еуроодақ, ал Еуроодаққа Ұлыбритания керек. Өйткені Трамптың қысымы, Ресейдің Украинамен арадағы соғысы, Қытайдың өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына қатысты саясатына қарсы тұру үшін күш біріктіру керек. Сондықтан Brexit екі жаққа да зиян келтірмесе, пайда әкелген жоқ. 

2016 жылы референдумға дейін Ұлыбританиядан пана іздеп келетіндер саны 300 мыңнан аспайтын. Алайда 2022 мен 2024 жылдары Англияға бас сауғалап, 2 млн-дай адам кірген. Қоғамда наразылық күшейген соң биліктегілер шекарадағы бақылауды күшейтті. Сөйтіп, мигранттар санын биыл ғана 170 мыңға дейін азайды. 

Креон Батлер, Chatham House орталығының сарапшысы:

- Лондонның ЕуроОдақтан шығуға түрткі болған тағы бір мәселе - Британияға ағылған мигранттардың жолын кесу. Бірақ бұл жаңа проблемаға әкеп соқты. Бұрын Еуроодақ елдерінен кәсіби мамандар тарту оңай болатын. Ал қазір Тұманды Альбионда білікті жұмыс күші жетіспейді.

Еуроодақ Ұлыбританияның басты сауда серіктесі. Тұманды Альбион тауарларының 41 пайызын қарт құрлық ұйымы елдеріне  тасымалдайды. Таяуда премьер-министр Кир Стармер отставкаға кетті. Брекситтен кейін, яғни 10 жылда Англия үкімет басшысы осымен 7-рет ауысқалы отыр. Ал бұл Лондонның Еуроодақпен жақындасуына үлкен кедергі, дейді сарапшылар.

Зайнұр Байжігіт