Иран АҚШ-қа шарт қойды

Егер Вашингтон меморандум талаптарын орындаса, Тегеран да өз міндеттемелерін жүзеге асырады. Бұл талап орындалмаса, Иранның келіссөз үстеліне оралуы екіталай. Иран Президенті Масуд Пезешкиан осындай пікірде. Осыған дейін Дональд Трамп Қатар астанасы Дохада келіссөздер өтетінін мәлімдеген еді. Алайда Иран Сыртқы істер министрлігі кездесу жоспарланбағанын нақтылады. 

Ресми мәліметке қарағанда, тараптар арасында тек келісімнің негізгі шарттары орындалғаннан кейін ғана ортақ диалог орнайды. Олардың қатарында Ливандағы әскери қақтығыс бар. Иран бұл елдің оңтүстігіндегі шабуылдардың біржола тоқтап, Израиль әскерінің кетуін талап етіп отыр.