Робот науқасқа тірі адамның бауырын салды
Гонконгта робот адамның бауырын ауыстырды. Бұл әлемдегі алғашқы бауыр трансплантациясы. Құлтемір науқасқа тірі адамның ағзасын салды.
Дәрігерлердің айтуына қарағанда, жүйенің ерекшелігі ұсақ қан тамырларын дәлдікпен тіге алады. «Жұмысы тиянақты әрі тез», - дейді хирургтар.
Микрохирургия - медицинаның ең күрделі саласы. Мұнда болмашы қателіктің өзі науқастың өліміне әкелуі мүмкін. Әсіресе ұсақ қан тамырларын жалғауда аса ептілік пен көп дайындықты қажет етеді. Мамандардың айтуына қарағанда, робот-көмекші бұл міндетті сапалы атқарады. Осы орталықта құлтемірдің көмегімен 50-ге жуық операция жасалған. Соның ішінде алғаш рет науқасқа тірі адамның бауырын салып берді.
Велда Чоу Лин-Ю, Гонконг университеті медицина мектебі хирургия кафедрасының доценті:
- Бұрын хирургтар операция кезінде науқастың жанында тұрып, микроскоппен аяғынан тік тұрып, бірнеше сағат жұмыс істейтін. Сондықтан дәрігерлерге біраз қиындау болатын, шаршайтын. Трансплантация кезінде дәрігердің қолы дірілдемеуі керек. Ал робот бұл жұмысты тиянақты атқарады.
Гонконгта донор табу қиын. Қазірдің өзінде 2 мың 700-не тірі ағза қажет. Әсіресе бүйрекке кезекте тұрғандар көп. Ал сол науқастар кейде 5 жылға дейін күтеді. Сондықтан роботтың көмегімен тірі адамнан бауыр трансплантациясын жасау талай адам үшін үміт отын жақты.
Джон Ли, Гонконг әкімшілігінің басшысы:
- Гонконг әлемдегі донорлықты дамытуға атсалысып келеді. Басты міндет - науқастардың өмірін ұзарту. Біз бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз. Сондай-ақ Қытайдағы дәрігерлермен ынтымақтастықты күшейтеміз.
Дәрігерлердің айтуына қарағанда, әлемде алғаш рет роботтың көмегімен жасалған бауыр трансплантациясы сәтті өтті. Сарапшылар: «Болашақта бұл технология кең қолданысқа енуге тиіс», - дейді.