Дамушы елдерде миллионерлер көбейеді

4-5 жылда дамушы елдерде миллионерлер көбейеді. Бұл Халықаралық Boston Consulting Group компаниясының есебі.

Сарапшылар 2030 жылға қарай дамушы елдердің капиталы 12 трлн долларға артады, сөйтіп байлық бәйгесіне АҚШ пен Еуропадан бөлек, Үндістан, Бразилия, Мексика, Парсы шығанағы елдері, Индонезия және Вьетнам қосылады, - дейді. Бұл Батыс экономикасының әлсірей бастағанын көрсете ме, қалай? Сарапшылар не дейді бұған? 

Бұрын ауқатты адамдар қаржысын Швейцариядағы банктерде сақтайтын. Кейінгі жылдары жағдай өзгере бастады. Инвесторлар бір долларын бес долларға айналдыру үшін өзіне пайдалы елдерді іздейді. Осы ретте Гонконг әлемнің жетекші қаржы орталығына айналып отыр. Мұнда шоғырланған капиталдың жиынтығы 3 трлн долларға жуықтаған. Бұған қытайлық инвесторлар мен қор биржасына шығып жатқан жаңа компаниялардың көбеюі себеп. Бұл әлемдегі қаржы ағымы Еуропадан Азияға қарай ауа бастағанын көрсетсе керек.

Лю Ган, China International Capital Corporation компаниясының бас стратегі:

- Биыл алғашқы 3 айда Гонконг экономикасы 5,9 пайызға өсті. Бұл - қаржыгерлердің болжамынан әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Өйткені, тұрғын үй нарығы жанданып, ішкі тұтыну артты. Бастысы, жаңа капиталдың ағымы көбейді.

Кейінгі зерттеуге қарағанда, алдағы уақытта табысы 250 мың доллардан асатын отбасылардың қатары жылына 8 пайызға артады. Сөйтіп, 2030 жылға қарай әлемде 1 млн-нан аса жаңа миллионер пайда болады. Басым көпшілігі Индонезияның еншісіне бұйырады. Мұнда бай-манаптардың өсімі 82 пайызға жетуі мүмкін. Бұдан соң миллионерлер саны Сауд Арабиясында - 63 пайыз, ал Вьетнамда - 59 пайызға артуы мүмкін. Былтыр әлемде бай-манаптар байыған үстіне байи түсті. Бір жылда ауқатты адамдардың дәулеті 10,7 пайызға артты. Жалпы көлемі 333 трлн долларға жетті. Ең сорақысы, әлемде кедейлер мен байлар арасында алшақтық ұлғайып келеді. 

Амитаб Бехар, Oxfam ұйымының атқарушы директоры:

- Егер миллионерлерді емес, тек миллиардерлерді алсақ, олардың дәулеті - 18,3 трлн доллар болады. Былтыр олардың байлығы 2,5 триллион долларға көбейді. Бұл адамдардың қаржысы әлемдегі кедейлікті түп тамырымен 26 рет жоюға жетер еді.

Кейінгі 5 жылда Үндістанда ауқатты адамдардың қатары 63 пайызға артқан еді. Енді бұл қарқын 27 пайызға дейін баялауы мүмкін. Жалпы әлемде бай бағландардың көбеюіне бұрынғыдай табиғи ресурстар емес, қызмет көрсету, стартаптар мен жасанды интеллектің қарқынды дамуы әсер етеді. Яғни Азия енді арзан жұмыс күші бар нарық қана емес, байлық бәйгесінен таласы бар аймаққа айналғалы отыр, - дейді сарапшылар.

Авторы: Зайнұр Байжігіт