Пәкістанда шатыр құлап, 14 бала опат болды
Пәкістанның шығысындағы Лахор қаласында оқу орталығының шатыры опырылып, 14 бала опат болды.
Тағы біразы жараланған. Көз жұмған жеткіншектердің жасы 5 пен 16 жас аралығында. Бұл туралы жергілікті құтқару қызметінің өкілдеріне сілтеме жасап, Рейтер агенттігі хабарлады. Аймақтың Ақпарат министрі "бұл орталық ешбір тіркеусіз, жекеменшік тұрғын үйдің ғимаратында заңсыз жұмыс істеген" деп түсініктеме берген. Полиция кінәлілерді жазалау үшін тергеуді бастады. Негізі Пәкістанда мұндай орталықтар жетіп-артылады. Ел президенті Асиф Али Зардари жақынынан айырылғандарға көңіл айтып, осындай қайғылы оқиғаларды болдырмас үшін қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырды.