Венесуэлада үйінді астында қалған бүлдіршін 6 күннен кейін табылды

Фото: depositphotos.com

Венесуэлада болған жойқын жер сілкінісінен кейін құтқарушылар алты тәулік бойы қираған ғимараттың астында қалған үш жасар баланы аман алып шықты, деп хабарлайды «24KZ».

Oxu.Az басылымының мәліметінше, бұл туралы Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес мәлімдеген. Оның айтуынша, 30 маусым күні таңертең Лос-Коралес-Гарден тұрғын үй кешенінің қирандылары арасынан үш жасар Клибер Моран тірі табылған.

Баланы іздеп тапқан – Иорданиядан келген халықаралық құтқарушылар тобы. Құтқару операциясы сәтті аяқталғаннан кейін бүлдіршін бірден ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынды. Қазіргі уақытта оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Дәрігерлердің айтуынша, Клибер Моран алты күн бойы тамақсыз әрі сусыз қалғанына қарамастан тірі қалған. Мамандар мұны ерекше жағдай деп бағалап отыр.

Венесуэлада жойқын жер сілкінісі 24 маусым күні кешкі уақытта болды. Арада шамамен 40 секунд өткенде магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі қуатты жер сілкінісі тіркелген.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз