Венесуэла Англиядан алтын қорын талап етті
Венесуэла Ұлыбританиядан Англия банкінде сақтаулы тұрған алтын қорын қайтаруды талап етті. Президент міндетін атқарушы Делси Родригестің мәлімдеуінше, қорда 31 тонна алтын бар.
Оларды қайтару Сыртқы істер министрлігі мен Бас прокуратураға тапсырылды. Венесуэла алтын қорының едәуір бөлігі 1990 жылдары саяси тұрақсыздықтан қорғау мақсатында Англия банкіне жөнелтілген. 2011 жылы елдің бұрынғы Президенті Уго Чавес 160 тоннаға жуық бағалы металды елге қайтару туралы шешім қабылдайды. Алайда алтын қорының бір бөлігі халықаралық міндеттемелер бойынша кепіл ретінде шетелде қалады. 2018 жылы Венесуэла билігі оны әкелуге әрекет жасағанымен, Англия банкінен рұқсат ала алмады. Бұған Николас Мадуро үкіметінің заңдылығына қатысты даулар мен сол уақыттағы санкциялық шектеулер себеп болған.