АҚШ Ұлыбританиядан әскери ұшағын шығарды
Әлемге әмірін жүргізіп келген алпауыттар, қорғаныс тактикасын өзгертуге мәжбүр.
АҚШ Еуропадан әскерін әкете бастады. Ұлыбритания мен өзге НАТО елдері стратегиясын қайта қарап, әскери бюджетін ұлғайтып жатыр.
АҚШ Ұлыбританиядағы Фэрфорд әуе базасынан «БИ-52 ЭЙЧ Стратофортресс» атты бомбалаушы ұшағын алып кетті. Бұл – Boeing компаниясы жасаған, әлемдегі ең танымал әскери ұшақтардың бірі. Алыс қашықтыққа ұшатын және ядролық қару таситын аса қуатты америкалық стратегиялық ұшақ Иранға қарсы жүргізген әскери операциясы кезінде қолданылды. Иранның негізгі әскери нысандарына, соның ішінде баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын сақтайтын және өндіріс орындарына соққы жасады. Бұл Иранмен арадағы соғыс тоқтады дегенді білдірмейді. Ұлыбритания жерінде әлі де АҚШ-тың бомбалаушы ұшақтары бар. Лейкенхит әуе базасына бес ай бойы Иорданияда болған АҚШ-тың «Strike Eagle» жойғыш ұшағы қайта оралған.
Ұлыбритания қорғанысқа $400 млрд бөледі
АҚШ пен Ұлыбритания НАТО құрамындағы одақтастар. Иранға қарсы соғыста АҚШ британ жеріндегі әскери базаларды пайдаланғанымен, Альянстағы әскери әлеуетін азайтқысы келеді. Өйткені Дональд Трамптың Ормуз бұғазындағы мәселеге қатысты біраз елге өкпесі бар. Былтыр әлемдік әскери шығын көлемі 2,5 триллион доллардан асты. Бұл көрсеткіш бойынша ең көп қаржы бөлген ел – АҚШ. Ал НАТО талаптарына сәйкес ұйымға мүше елдер қорғанысқа жалпы ішкі өнімінің 2 пайызын жұмсауға тиіс. Енді Ұлыбритания қорғаныс саласына шамамен 400 млрд АҚШ долларын бөлмек. Премьер-министр Кир Стармердің айтуынша, бөлінген қаражатқа ескірген әскери техника жаңартылады. Оның ішінде танктер, ұшқышсыз ұшу аппараттары, жауынгерлік машиналар мен артиллериялық жүйелер бар.
Дэн Джарвис, Ұлыбританияның Қорғаныс министрі:
- Ұлыбритания одақтастарының алдында өз міндеттемесін орындауға уәде берді. Ел 2035 жылға қарай қорғаныс шығындарын жалпы ішкі өнімнің 3,5 пайызына дейін жеткізуді көздеп отыр. Қазіргі әлемдегі қауіп-қатердің күшеюін ескере отырып, біздің НАТО алдындағы міндеттемеміз өзгермейді. Қорғаныс саласы басты басымдыққа айналады.
АҚШ Германиядан 5 мың сарбазын шығарады
Құрама Штаттардың әскери күші әлемнің 100-ден астам елінде шоғырланған. Ең ірі әскери контингенті Жапония, Германия, Оңтүстік Кореяда. Еуропа елдерінің ішінде сарбаз саны Германияда көп. Мұнда 30 мыңнан америкалық сарбаз бар. Пентагон алдағы 1 жыл ішінде Германиядан 5 мың сарбазды шығаруды көздеп отыр. Бұл шешім АҚШ Қорғаныс министрлігінің Еуропадағы күштерінің орналасуын қайта қарау нәтижесінде қабылданды. АҚШ-тың өз аумағынан тыс жердегі ең ірі әскери базасы әрі негізгі логистикалық орталығы осы елде орналасқан. Сондай-ақ, Ландштульде АҚШ-тың шетелдегі ең ірі әскери госпиталі бар. Онда шетелдегі әскери операциялар кезінде жараланған америкалық әскери қызметшілер ем қабылдайды. Ал Штутгартта АҚШ Қарулы күштерінің Еуропалық қолбасшылығының бас штабы орналасқан. Бұған қоса осы қалада АҚШ-тың Африка қолбасшылығының штабы да жұмыс істейді. Ал Графенвер қаласында Еуропадағы ең ірі әскери оқу-жаттығу орталығы орналасқан.
Фридрих Мерц, Германия канцлері:
- Кейінгі жылдары біз өз қорғанысымызды нығайту үшін жеткілікті түрде күш салмадық. Қазір бұл олқылықтың орнын толтырып жатырмыз. Дегенмен біз мұны АҚШ президенті белгілеген межеге жету үшін емес, өз мүддеміз үшін жасаймыз. АҚШ үкіметімен тең дәрежеде жұмыс істейміз. АҚШ – НАТО-дағы 32 серіктестің бірі. Біз де сол 32 серіктестің біріміз. Алайда біз бір-бірімізге. Бірге болғанда ғана қорғанысты қамтамасыз ете аламыз.
АҚШ-тың Еуропадағы әскери әлеуеті
Американың қарулы күштері Еуропадағы 31 тұрақты әскери базада, сондай-ақ қосымша тағы 19 әскери нысанда орналасқан. АҚШ-тың Еуропалық қолбасшылығы НАТО-дағы одақтастармен бірлесіп, әскери теңіз, әуе күштері, теңіз жаяу әскері, арнайы операциялар және Ғарыш күштерінің қызметін үйлестіреді. Былтыр Германиядағы бес әскери бөілмде 36 436 сарбаз болған. Италияда 12 мыңнан астам, Ұлыбританиядағы үш әскери базада 10 156 әскери қызметші, Испанияның Гибралтар бұғазы маңында 3 мыңнан астам, сондай-ақ, Польша, Румыния, Венгрияда сарбаздары бар.
Еуропа елдері әскери бюджетті ұлғайтқанымен, бірнеше бағыт бойынша әлі де АҚШ-қа тәуелді. Әсіресе әуе қорғанысы, спутниктік барлау, әскери логистика және жоғары дәлдіктегі қару-жарақ жүйелерінде Вашингтонның мүмкіндігі басым.