Тұңғыш жасанды интеллект өнері музейі
Лос-Анджелесте әлемдегі алғашқы жасанды интеллект өнері музейі есігін ашты. Үйымдастырушылар нейрожелінің мүмкіндігін кеңінен пайдаланған.
Жоба авторлары: «Жасанды интеллект суретшілерге бәсеке емес, тиімді құрал екенін көрсеткіміз келді», - дейді.
Лос-Анджелестегі мұражайға қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан картиналар емес, жасанды интеллекті туындылары қойылды. Арт-кеңістіктің бес бірдей залына алып экрандардың көмегімен жан бітірді. Мамандар ғаламшардағы экожүйеге қатысты жарты млрд-қа жуық деректі қолданған. «Бұл үшін Лондондағы жаратылыстану тарихы музейі мен Смитсон институтының деректер қорын зерттедік», - дейді. Ерекше жобаға танымал түркиялық медиа-суретші Рефик Анадол бастамашы болған.
Рефик Анадол, медиа-суретші:
- Біз жасанды интеллектіге қатысты жаңсақ пікірлерді сейілткіміз келеді. Егер нейрожелілерді дұрыс, жауапкершілікпен және экологияны ескере отырып оқытса, мұның мүмкіндігі зор. «Өмір энциклопедиясы» деген мұрағат деректері цифрлық форматқа көшірілді. Мұнда 2 миллионнан аса тіршілік иесі туралы ақпарат ұсынылған.
Жобаның ерекшелігі сол, өсімдіктердің, жануарлардың және саңырауқұлақтардың бейнесін тамашалап қана қоймай, хош иісін де сезуге болады. Бұл бейнебір тропикалық орманда немесе гүлге оранған далада жүргендей әсер қалдырады.
Вероник Ферваль, хош иіс дизайнері:
- Әрбір иіс үшін 12 түрлі композиция әзірледік. Олардың барлығы жаңа технологиялар мен ерекше молекулалардың көмегімен жасалды. Бұл өте сирек технология және көрмедегі бірнеше композиция дәл осы тәсілмен дайындалды.
Әлемдегі алғашқы жасанды интеллект өнері музейі 20 маусымда ашылады. Кіру құны 49 доллардан басталады. Алайда мұражай жұмысына қатысты көпшіліктің пікірі екіұдай. Бірі жасанды интеллект шығармашылық сала өкілдерін нәпақасынан айыруы мүмкін десе, енді бірі нейрожелі жасаған туындының авторлық құқығы қалай қорғалады, - деп алаңдайды. Ал жоба авторлары жасанды интеллект қылқалам шеберлерінің орнын баспайды. «Тек көмекші құрал ретінде қолданылады», - деп санайды.
Авторы: Зайнұр Байжігіт