Қырғызстандағы резонансты іс: Қамшыбек Ташиевке сот үкімі шықты
Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиев «75-тің хаты» ісі бойынша төрт жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «24KZ» 24.kg сайтына сілтеме жасап.
Бішкектің Бірінші май аудандық соты Ташиевті және өзге де бірқатар бұрынғы жоғары лауазымды тұлғаларды «Билікті күшпен басып алу» бабы бойынша кінәлі деп таныды. Сот оларға мүлкін тәркілей отырып, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Ташиевпен бірге бұрынғы бас прокурор Құрманқұл Зулушев, Жогорку Кеңештің экс-спикері Нұрланбек Тұрғынбек уулу, бұрынғы вице-премьер Аалы Қарашев, экс-депутат Құрманбек Дыйканбаев, ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары Құрсан Асанов және өзге де бұрынғы лауазымды тұлғалар сотталды.
Алайда сот бас бостандығынан айыру жазасын үш жыл мерзімге пробациялық бақылаумен алмастырды. Осыған байланысты сотталғандар жазасын түзеу мекемесінде өтемейді.
Сонымен қатар сот айыпталушыларды «Лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану» бабы бойынша ақтау үкімін шығарды.
Ақпан айынан бері қамауда отырған бес айыпталушы сот залынан босатылды.
Ташиевтің адвокаты Икрамидин Айткулов үкіммен келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
Еске салайық, «75-тің хаты» ісі саяси үндеуге байланысты қозғалған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол билікті күшпен басып алуға бағытталған әрекеттің бір бөлігі болған. Ал айыпталушылар тағылған айыптарды мойындамаған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз