Солтүстік Корея ядролық арсеналын едәуір кеңейтеді

Фото: depositphotos.com

Солтүстік Корея ядролық күштерін сапалық және сандық тұрғыдан нығайту, сондай-ақ әскери инфрақұрылымды түбегейлі жаңғырту туралы ресми шешім қабылдады, деп хабарлайды «24KZ» КХДР-дың Мемлекеттік ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Тиісті директивалар Корея Еңбек партиясы орталық әскери комитетінің бірінші кеңейтілген отырысында бекітілді. 

Жиын ел көшбасшысы Ким Чен Ынның төрағалығымен өтті. Жиынға КХДР Қорғаныс министрлігінің жоғары әскери басшылығы мен Корея халық армиясының корпус қолбасшылары қатысты.

Ақпарат агенттігі мәліметінше, кездесу барысында Корей түбегіндегі қазіргі әскери-саяси жағдайға жан-жақты талдау жасалды. Сыртқы қатерді талқылау қорытындысы бойынша республика басшылығы қорғаныс әлеуетін нығайтуға бағытталған практикалық шаралар кешенін белгіледі. Пхеньянның жаңа әскери стратегиясының негізгі тармақтарының бірі ядролық әлеуетті арттыру болды. Стратегиялық ядролық күштердің сапалық және сандық өсімі, сондай-ақ қолданыстағы жауынгерлік жүйелерді жаңғырту туралы шешім қабылданды.

Ким Чен Ын республика егемендігі мен өмір сүруінің өзі теңдессіз әскери қуатқа ие болуға тікелей байланысты екенін атап өтті. 

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз