Үй ауласындағы жұмбақ: бақшадан ондаған адамның сүйегі табылды
Германияның Брауншвейг қаласында қарапайым бақша жұмысы күтпеген жерден жұмбақ іске ұласты. Үй ауласын ретке келтіріп жүрген отбасы жер астынан адам сүйектерін тауып алған. Алғашында олар мұны жануарлардың қаңқасы деп ойлағанымен, кейін табылған заттардың адамға тиесілі екені анықталды, деп хабарлайды «24KZ» dw сілтеме жасап.
Үй иесі Феликс Чалланың айтуынша, отбасы гүлзарларды тазалап, ауладағы тастарды алып тастауды бастаған. Алайда бетон мен шөп қабатын қазған сайын жерден сүйек бөліктері шыға берген. Әуелі бірен-саран сүйек табылса, кейін адам тістері мен ірі қаңқа бөліктері табылған.
Табылған қалдықтардың көптігі сонша, полиция оларды аумақтан бірнеше жәшікке салып әкеткен. Сот-медициналық сараптама нәтижесінде сүйектердің жануарларға емес, адамдарға тиесілі екені расталды.
Брауншвейг прокуратурасы жүргізген тексеру барысында бұл оқиғадан қылмыс белгілері анықталмаған. Тергеушілердің болжамынша, 1960 жылдары бұл жерге бұрынғы зират аумағынан әкелінген топырақ төселуі мүмкін. Сол кезде топырақпен бірге адам сүйектері де аралас келген деген нұсқа қарастырылған.
Алайда бұл болжаммен жергілікті тарихшы-өлкетанушы Торстен Вендт келіспейді. Оның айтуынша, сүйектердің жақсы сақталуы және бұл маңда бұрын-соңды зираттың немесе шіркеудің болмағаны күмән тудырады.
Маманның пікірінше, оқиғаның нақты себебі әлі белгісіз. Зират топырағы әкелінді деген болжамды дәлелдеу де, жоққа шығару да қазір қиын. Ал отбасының ауласынан табылған адам сүйектері Германиядағы күтпеген тарихи жұмбақтардың біріне айналып отыр.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз