Дубайдан маза қашты
Біріккен Араб Әмірліктері Иран төңірегіндегі шиеленіске қайта алаңдай бастады.
Әсіресе Дубайдан тағы маза қашты. АҚШ әуе күштерінің парсы мемлекетіне әскери қысымды арттырып, шабуылды жиілетуі аймақ тұрақтылығына қатысты түрлі пікір туғызып жатыр. Қазірдің өзінде Катар, Кувейт және Бахрейн соққы астында қалды. Енді Әмірліктерге де қауіп төніп тұр.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Біріккен Араб Әмірліктері кейінгі күндері қайта ушыққан АҚШ-Иран қақтығысына қатысты ұстанымын жариялады. Ресми Абу Даби екі жақтың да әрекетін құп көрмей, үзілді-кесілді айыптады. Өйткені соғысты тоқтату, оқ атпау жөніндегі келісім бұзылып, тараптар бір-біріне тағы күш қолдануға көшті. Ал тұтас өңір тұрақтылығы шайқалған кешегі араб көктемін тұрғындар әлі ұмыта қойған жоқ. Шығанақ бойындағы барлық мемлекет ол кезде әуе қорғаныс жүйелерін іске қосып, Иран шабуылдарына тойтарыс берген болатын. Қазір де сол жағдай қайталанып отыр. Алғаш болып Бахрейн, Кувейт, Қатар екі оттың ортасында қалды.
Обаид Әл Зааби, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы:
- Иран мен АҚШ арасындағы әуе соққылары келіссөздердің бір бөлігіне айналды. Олар осы арқылы өз ұстанымдарына қол жеткізгісі келеді. Неге? Өйткені «соғыс саясаттың өзгеше бір құралы» деген сөз бар. Қазіргі шабуылдардың көктемде болған әскери қимылдардан сәл айырмашылығы бар. Оны көпшілік байқай бермейді. Дегенмен, араб мемлекеті ретінде кез келген агрессия актілерін айыптаймыз. Оны сыртқы істер органдары анық аңғартып жатыр. Бахрейн мен Кувейттің бейбіт тұрғындарын бұлай қинай беру дұрыс емес. Иран бұл әрекетін тыюы керек.
Иран да, АҚШ та Ормуз бұғазын мұздай құрсаудан босатар емес. Әлемдік нарыққа тауар таситын кемелер мен оның мыңдаған экипаж мүшесі сол өткелден өте алмай әлек. Рұқсатсыз қозғалса, теңіз миналарына тап болуы мүмкін. Сол себепті Иран әскерінен әуелі бағыт-бағдар алып, кейін сапарын жалғастыруы қажет. Ислам сақшылар корпусы болса, бұл қызметі үшін ақы талап етіп, бұғазды өз кәдесіне жаратпақ ниетте. «Тап осы жайт Құрама Штаттар мен шығанақтағы араб елдерінің мүддесіне қайшы келіп тұр» дейді мамандар.
Хабиб Әл Мулла, заңгер /БАӘ/:
- Халықаралық теңіз құқығы конвенциясына сай су жолындағы кеме қатынасына ешкім шектеу қоя алмайды. Ақы алу, төлем талап ету тіпті заңға қайшы әрекет. Егер қандай да бір қызмет үшін болса, онда мәселе басқа. Алайда сол қызметті алуға Иран мәжбүрлеп жатқанын көріп отырмыз. Мұны қарақшылық емей басқа не деуге болады?
Осы орайда Біріккен Араб Әмірліктері Иранның Ормуз бұғазы мен бүкіл шығанаққа әскери қысым жасау мүмкіндігін шектеу қажет деген пайымда. Бұл ұстаным Таяу Шығыс кеңістігінде түрлі пікір тудырып отыр. Билік өкілдері мұндай нәтижеге қалай қол жеткізуге болатынын ашып айтпайды. Бірақ дипломатия арналарын сақтап, келіссөзді ілгерілету керегін де алға тартады. Қазір өңірдегі жағдайды тұрақтандыру үшін Катар араағайындық жасауға кірісті. Бұған дейін АҚШ-Иран диалогын жандандыруға негізінен Пәкістан күш салып келген еді.
Рауан Мыңбай