Араб Әмірліктері Америкадан әскери жабдық алады

Біріккен Араб Әмірліктері АҚШ-та шығатын әскери жабдықтарды жеңілдетілген жолмен алады.

Өңірлік геосаяси ахуал шиеленіскен тұста тараптар осындай келісімге келді. Бұл Абу Даби мен Вашингтон байланысының жаңа кезеңге өткенін білдіреді. Бұған дейін арабтарға американдық компаниялар өнімін әкелу қиынға соғатын. Қазір жағдай өзгерген. 

Рауан Мыңбай, тілші:

- Араб Әмірліктеріне АҚШ-тың әскери жабдығы мен озық технологиялы өнімдері енді көптеп жеткізілуі мүмкін. Екі ел осы мақсатта арнайы жеңілдетілген режим енгізді. Әдетте Құрама Штаттан қандай да бір өнім импорттау кезінде лицензия алу міндетті болатын. Сол талап ресми Абу Дабиге келгенде күшін жойып отыр. 

Келісім басқа да маңызды тауарларды кедергісіз жеткізуге жол ашпақ. Бұл мәселе таяуда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың әмірлікке келген кезінде қаралған. Шенділердің сол кездегі келіссөз нәтижесі баспасөзге жария етілмеген еді.

Тарик Низами, экономист, «CEO Clubs Network Worldwide» қауымдастығының басшысы:

- Біріккен Араб Әмірліктері мен Америка Құрама Штаттары саясаткерлерінің байланысы түрлі салада ынтымақтастықты тереңдетті. Әсіресе технология алмасу жағы қарқын алды. Қазірдің өзінде араб жерінде көптеген дата орталық бар. Солардың сәтті жұмыс істеуіне америкалық мамандар көмектесті. Тағы бір парасы құрылыс кезеңінде.

Сарапшылар сөзіне қарағанда Ақ үйдің мұндай қадамға баруы бекер емес. Өйткені өңірдегі Қытайдың экономикалық ықпалы артып келеді. Осыны ескерген Вашингтон Таяу Шығыстағы негізгі одақтасына оң көзбен қарауға көшкендей. Бір есептен әмірліктер Иранмен қақтығыста ең көп зиян шекті. Екі оттың ортасында қалды. Ислам сақшылары корпусы АҚШ әуе күштерінің соққысын жауапсыз қалдырмады.

Яс Сейдан, сарапшы:

- Кейінгі айлар Араб шығанағы елдері экономикасына ауыр тиді. Бірақ АҚШ пен Иран арасында жасалған меморандум үрейді біраз сейілтті. Инвесторлар қайтып оралып жатыр деуге болады. Оның үстіне әмірліктердің президенті G7 саммитіне шақырылып, алпауыт ел жетекшілерімен бірлескен бастамаларды талқылады. Экономикалық өсім бұрынғы қалпына келеді деп сенемін. Оптимистік болжам көп.

Бір айта кетерлігі, американдық саясаткерлердің араб шығанағына әуелден айрықша назары ауған. Дональд Трамп пен Ақ үйдің өзге шенділері Саудия, Катар және Араб Әмірліктерін жиі жағалайды. Тараптар арасында миллиардтаған долларлық келісімдерді іске асыру қолға алынған. Әскери салада орнаған байланыс тағы бар. Демек екі жақты ынтымақтастық тек сауда-саттық аясымен шектелмей, қорғаныс өнеркәсібін де қамтып отыр.

Рауан Мыңбай