АҚШ-та хакерлік шабуылдар жиіледі
АҚШ Қаржы министрлігінің жүйесіне хакерлік шабуыл жасалды. Киберқылмыскерлер қаржылық қылмыстармен күресетін FinCEN желісінің деректеріне қол жеткізген. Олардың қатарында заңсыз жолмен алынған ақшаны анықтауға көмектесетін банктік есептер де бар. Қауіпсіздік мақсатында кейбір жүйелердің жұмысы уақытша тоқтатылды. Бұл оқиға АҚШ мемлекеттік мекемелерінің киберқауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықты күшейтті, деп хабарлайды 24KZ.
АҚШ-тың арнайы қызметтері де хакерлік шабуылға ұшырады. Бұл жолы киберқылмыскерлер Орталық барлау басқармасы мен Ұлттық барлау директоры кеңсесінің ақпараттық жүйелеріне заңсыз кірген. The New York Times басылымының хабарлауынша, шабуыл кезінде Қытайда жасалған ARTEX атты жасанды интеллект құралы пайдаланылған. Киберқорғанысты күшейту үшін әзірленген бағдарламаны хакерлер өз мақсаттарына пайдаланған. Әзірге шабуылдың артында кімдер тұрғаны және қандай деректерге қол жеткізілгені белгісіз. Десе де Қытай хакерлерінің қатысы болуы мүмкін деген болжам айтылды.
АҚШ Әділет министрлігі алаяқтықпен күрес бойынша ауқымды науқан бастады. Олардың мәліметінше, елдің 85 федералдық округінде 400-ден астам қылмыстық іс қозғалған. 800-ден астам күдіктіге айып тағылып, бірқатары экстрадицияланған. АҚШ бас прокуроры Тодд Бланштың айтуынша, жүргізілген шаралардың нәтижесінде алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға 8 млрд доллардан астам қаражат қайтарылған.
Тодд Бланш, АҚШ бас прокуроры:
– АҚШ үкіметі мен президент Дональд Трамп америкалықтарға қарсы жасалған ұйымдасқан ұрлық әрекеттеріне жол бермейді. Қылмыскерлер әлемнің қай жерінде жасырынса да, біз оларды тауып, заң алдында жауапқа тартамыз. Сондықтан осындай алаяқтық әрекеттерден сақ болуларыңызды сұраймыз.
Хакерлер бұл жолы АҚШ Федералды тергеу бюросының жүйесіне шабуыл жасады. Нысанаға құқық қорғау органдары пайдаланатын Ұлттық қылмыстық ақпарат базасы іліккен. Онда іздеуде жүрген және хабар-ошарсыз кеткен адамдар, ұрланған көліктер мен қару-жарақ туралы мәліметтер сақталады. Елде киберқылмыстармен қатар қаржылық алаяқтыққа қарсы күрес күшейтілген. Федералды тергеу бюросының директоры Каш Пательдің айтуынша, 17 млрд долларға жуық заңсыз қаражат тәркіленіп, төрт құрлықтағы 29 алаяқтық схеманың жолы кесілген.
Каш Патель, АҚШ Федералдық тергеу бюросының директоры:
– «Level Up» операциясының нәтижесінде 11 мың адам алаяқтардың арбауынан аман қалды. Соның арқасында 700 млн долларға жуық қаржының қолды болуына тосқауыл қойдық. Қызығы, ықтимал жәбірленушілердің 77 пайызы алаяқтарға алданғанын білмеген.
Елде сондай-ақ Visa, Masterсard және JPMorgan Chase компанияларының жүйелеріне хакерлік шабуыл жасалып, тұтынушылардың жеке деректері интернетке тарап кетті. JPMorgan Chase өкілдерінің айтуынша, хакерлер банкпен серіктес компанияның жүйесіне бұзып кірген. Кей клиенттердің аты-жөні мен электронды пошта мекенжайларын пайдаланған. Visa мен Masterсard азаматтардың жеке деректері таралғанын растады. Зардап шеккендерге көмек көрсетіліп, тергеу жүріп жатыр.
Тайсен Дува, АҚШ бас прокурорының көмекшісі:
– Бұл қылмыстармен күресте құқық қорғау органдарымен күш біріктірдік. Қазір 30-дан астам прокурор жұмысқа кірісті. Тергеу ел ішінде де, шетелде де жүріп жатыр. Алаяқтық әрекеттерді тоқтату үшін барлық шараны қолданып жатырмыз.
Ақ үй басшысы Дональд Трамп тұрғындарды дүрбелеңге бой алдырмауға шақырды. Президент елге кибершабуыл жасаған кез келген мемлекет қатаң жауапқа тартылатынын ескертті. Осы бағыттағы шаралар да күшейтілген. Елде кибералаяқтықпен күресетін арнайы орталық ашылды. Онда тергеушілер қаржы ұйымдарына, төлем жүйелеріне және әлеуметтік желілерге алаяқтық схемалар туралы ақпарат беріп отырады. Ал мамандар жаңа технологиялардың дамуына алаңдаулы. Олардың пікірінше, жасанды интеллект кибершабуылдардың ауқымын арттыруы мүмкін. Сондықтан цифрлық қауіпсіздік мәселесі алдағы уақытта да өзекті болары анық.
Автор: Динара Қуандыққызы