Араб елдері Иранға Ормуз бақылауын бермейді
Таяу Шығыстағы араб елдері Иранның Ормуз бұғазын қайта бақылауға алуына үзілді-кесілді қарсы. АҚШ және оның өңірдегі одақтастары бұған жол бермеуге бекініп отыр.
Сол себепті Тегеранға әскери жолмен де, саяси тұрғыда да қысым жасалып жатыр. Соған қарамастан, күні кеше араб Әмірліктерінің мұнай таситын екі кемесіне соққы жасалды. Шабуыл салдарынан бір адам қаза тауып, тағы бірнешеуі жараланды. Ресми Абу Даби ирандықтардың әрекетін қатаң айыптап, заңсыздыққа жауап болатынын ескертті. Сарапшылардың айтуына қарағанда, су жолының жабылуы аймақ қана емес, әлем экономикасына едәуір зиян келтірді. Жалпы ішкі өнім өсімі тежеліп, бюджеттік кіріс азайды. Мұның бәріне «Иран төңірегіндегі дау себеп» дейді мамандар. Сондықтан араб елдері шығанақ кеңістігін Иран бақылауына бермей, халықаралық су жолы мәртебесін сақтау қажет деген пайымда.
Салех Әлхатлан, «GULF» зерттеу орталығы төрағасының бас кеңесшісі:
- Ирандықтардың келіссөз жүргізу қабілеті күштірек болып тұр. Олар ұзақмерзімді алыс-тартысқа әбден машықтанып алған. Дегеніне қол жеткізбей жатса, күш қолдануға кіріседі. АҚШ та қазір аса қолайлы позицияда емес. Олардың көздегені толық орындалмады. Сол себепті біз қиын жағдайда тұрмыз. Енді бізге бірігу ғана қалды. Шығанақтың халықаралық су жолы мәртебесін сақтауға күш салып, әлемдік қауымдастықпен бірге бұғазды Иран бақылауына бермеуге тиіспіз.