Бельгиялық отбасы асырап алған қазақ қызы туған-туыстарымен қауышты

Қилы-қилы тағдыр бар. Бала күнінде шетелдік отбасы асырап алған қазақ қызы Анджелина-Динара араға жылдар салып, қазақстандық туған-туыстарымен Бельгияда қауышты. 

Бұл бельгиялық отбасының денсаулық жағдайына байланысты бала сүйе алмағанымен ата-ана атану көптен бері асқақ арманы болған. Сөйтіп 2005 жылы олар Қазақстанға сәби асырап алуға келеді. Ерлі-зайыптылардың таңдауы бір жастағы Динараға түседі. Құжаттарын рәсімдеген кезде оның атына Анджелина деген есім қосады.

Алекс Cессел, Анджелина-Динараның әкесі:

- Бала асырап, перзент сүю арманымызбен бірнеше елді қарастырдық. Қазақстан бізге ерекше ұнады. Бұл ел бастапқыда біз үшін мүлдем бейтаныс еді. Ғаламтордан ақпарат оқып, Ұлы дала еліне сүйсіндік.

Конни Фон Вуурен, Анджелина-Динараның анасы:

- Мен нәрестені алғаш көрген сәтте бірден ұнаттым. Балалар үйінен қайтқан соң оның суреттеріне қарай бердім. Құжаттарын рәсімдеу үшін Астанада 2 ай тұрдық. Бұл біздің өміріміздегі ең бақытты кезеңдердің бірі болды.

Анджелина-Динара 11 жасқа толғанда биологиялық анасын тауып беруді өтінеді. Бельгиялық әке-шешесі тілегін орындайды. Өкінішке қарай, туған анасы 3 жыл бұрын бақилық болды. Бірақ бауырлары бар. Оларды көру үшін Анджелина-Динара Қазақстанға үш рет сапарлайды, өз тарихымен және мәдениетімен де етене танысуға мүмкіндік алады.

Анджелина-Динара Сессел, бельгиялық отбасы асырап алған қыз:  

- Достарым менен «Сенің шын ата-анаң кім?» деп сұрағанда күмілжіп қалатынмын. Ал қазір еш кідірместен айтып бере аламын. Бұл маған жан тыныштығын сыйлады. Енді мен кім екенімді, шыққан тегімді және тағдырымның қалай өрбігенінен хабардармын.

Гүлзада Оразаева, Анджелина-Динараның нағашысы:

- 2019-да бізді алғаш рет тауып алған. Содан бері араласамыз. Үнемі хат-хабар алысып тұрамыз. Кезінде араласа алмағанымызды енді қазір өтеуге тырысып, барынша жақын араласуға тырысып жатырмыз.

Анджелина-Динара туған анасымен, әжесімен және үбірлі-шүбірлі үлкен әулетпен қауышқанына қуанышты. Болашақта ол туған жері туралы көбірек білгісі келетінін айтады.

Бүгінде шетелдік отбасылар асырап алған қаракөздеріміздің көбі есейіп, кәмелет жасына толған. Қазақстанның Бельгиядағы консулдығы олармен байланысын үзбей, құқықтарының сақталуын қадағалап келеді. Балалар қазақ мәдени орталықтарына барып, ана тілін, тарихын, және салт-дәстүрлерімізді үйреніп жүр.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы