Еуропа - ең жылдам жылып бара жатқан құрлық

Еуропа ең жылдам жылып келе жатқан құрлық.

Мұнда сынап бағаны әлемдегі орташа деңгеймен салыстырғанда шамамен екі есе тез көтеріліп барады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрлық елдеріне қалаларды климаттың өзгеруіне бейімдеуді ұсынып отыр. Қазір күннің қалыптан тыс ысуы адам түгіл, аң-құсқа да оңай болмай тұр.

Биыл Ұлыбританияда кейінгі 30 жылдағы ең ұзақ ыстық кезең тіркелді. Біріккен Корольдікте ауа температурасы 13 күн қатарынан 30 градус Цельсийден жоғары болды. Елдің метеорологиялық қызметінің дерегі осындай. Бұған дейін Ұлыбританияда 30 градус ыстық сирек кездесетін құбылыс еді. Ал қазір барған сайын жиілеп келеді. Мұндағы үйлер жылуды іште сақтауға бейімделіп салынған. Ал тарихи қорғауға алынған үйлерде кондиционер орнату оңай емес. Оның үстіне электр энергиясы қымбат. Ұлыбританиядағы үй шаруашылықтарының небәрі 14 пайызы ғана кондиционермен қамтамасыз етілген. Ал Лондон метросындағы 11 желінің тек төртеуінде ғана кондиционері бар вагондар қатынайды. Ассошиэйтед Пресс мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде аптап ыстық 1300-ден астам мектеп, 60 аурухана және 350-ден астам қарттар үйінің қалыпты жұмысына кері әсерін тигізіп отыр.

НИДЕРЛАНД 

Ал Нидерланд аптап ыстықтың кесірінен су тапшылығына тап болды. Елдегі Ваал өзенінің Меертье сағасы тартылып жатыр. Ал бұл аймақта су үстіне салынған үйлер көп. Енді мұнда қайықтардың өтуі қиындап, тұрғындар үшін қолайсыз жағдай тудырып отыр. Дегенмен, ерекше үйлер су деңгейімен бірге көтеріліп, түседі. Олар жерге орнатылған болат діңгектерге бекітіледі. Мұндай баспаналар бетон негіздің арқасында суда қалқып тұрады. Тұрғындар өзен деңгейі жыл сайын төмендейтінін айтады. Тек биыл мерзімінен ерте тартыла бастаған. Өйткені кейінгі апталарда жаңбыр жаумады. Рейтер агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, Нидерландта ауа температурасы жылдың осы кезеңі үшін қалыпты деңгейден 4,5 градусқа жоғары. 

МАЖАРСТАН

Мажарстанда қуаңшылық байқалады. Ел билігі ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра нысандарының тізіміне кіретін ХОртобадь ұлттық паркінің аумағына су бұрып жатыр. Осылайша мұндағы батпақтардың құрғап кетуіне тосқауыл қоймақ. Туристердің сүйікті орнына айналған Пуста тау тізбегі сулы-батпақты алқаптарымен танымал. Соның бірі «Фекете рет» деп аталады. Елдің шығысында орналасқан бұл мекенге ондаған мың жыл құсы аялдайды. Африкаға ұшпас бұрын күзге дейін осында ұя салып, көбейеді. Алғаш рет бұл аумақ 2013 жылы, ал кейін 2022 жылы қатты қуаңшылық кезінде құрғап кетті. «Жерасты суларының деңгейі жылдам төмендеп бара жатыр» дейді мамандар. Биыл күн ерте ысыды, ал көктемде жауын-шашын аз болды. Бұл су тапшлығын үдете түсті. Қазір батпақтарға 2 млн шаршы метрге жуық су жіберілді. Алайда климаттың өзгеруі құстардың қалыпты тіршілігіне әсер етпей қоймады. Құстардың көктемгі және күзгі миграциясы ерте басталатын болған. 

Мөлдір Жақан