Әлемде жылына 1,5 млн адам астан уланып көз жұмады

Қандай ас ішіп жүргеніңізге мән бересіз бе?

Өйткені ағзаға тамақ арқылы вирус, бактерия, ішек паразиті мен химикаттар түсуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осылай деп дабыл қақты. Кейінгі зерттеуге қарағанда, әлемде жылына 1,5 млн адам тамақтан уланып  көз жұмады. Сондықтан бұл бүкіл әлемге ортақ мәселе, дейді мамандар. 

Ауру астан. Қазір сапасыз өнімдер адамдардың денсаулығына қауіп төндіріп тұр. ДДСҰ-ның дерегі бойынша лас, алдын ала өңдеуден өтпеген азық-түліктен жылда 1,5 млн адам көз жұмса, 800 мыңы түрлі ауруға шалдығады екен. 

ЦИТАТА: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының баяндамасы

Біз 2000 жылдан бастап, 2021 жылға дейінгі аралықта 194 елдің деректерін зерттедік. Тамақтың құрамында күшәла, қорғасын және сынап секілді зиянды химиялық заттар барын  анықтадық. Қауіптісі сол, иісі, түсі, дәмі болмайды. Ал, тамаққа түссе, жойылуы қиын. Мәселен, сынап баланың миын зақымдауы мүмкін.

Улану деректерінің 75 пайызы Африка және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне тиесілі. Өкініштісі сол, медицина қызметкерлері бұл науқастардың 60 пайызының өмірін арашалап алып қала алмайды екен. Сондай-ақ, балалар ересектерге қарағанда 3 есе жиі ауырады. Мәселен, тек 2021 жылы улы астан 143 мың бала қайтыс болған. Азық-түліктің тез бұзылуына әлемдегі климаттың қолайсыздығы да әсер етіп отыр. Ыстық ауа райы салдарынан тағам арқылы таралатын инфекциялар көбейген.

Эми Эдвардс, медицина ғылымдарының докторы:

- Аптап ыстық кей инфекциялардың таралуын тежейді. Мәселен, тұмау секілді вирустар күн ысыған кезде азаяды. Бірақ ішек инфекцияларын тудыратын энтеровирус секілді аурулар жазда керісінше көбейеді. Сондықтан қандай ауа райы болса да, қолды жиі жуу өте маңызды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тағам қауіпсіздігі халықтың денсаулығына ғана емес, бүкіл экономикаға қатер екенін ескертеді. Мәселен, 2021 жылы астан уланудың көбеюі еңбек өнімділігіне әсер етіп, жаһандық экономика 310 млрд доллардан қағылған. Сондықтан әрбір өнімнің шығу тегін, сақтау шарттарын, өндіріс сапасын қатаң қадағалау өте маңызды, дейді мамандар. 

Нұрбике Жігер, Зайнұр Байжігіт