Грекияда даладағы өртті наножерсерігі анықтайды
Ғарыш аппаратының көлемі шағын болса да, мүмкіндігі зор. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жерсерігі от шыққан бетте байқап үлгереді.
Грекияда орман өртінен жылына мыңдаған гектар аумақ күлге айналады. Жүздеген адамның өміріне қауіп төнеді. «Ал озық технология өрт сөндірушілердің жедел қимылдауына мүмкіндік береді», - дейді ғалымдар.
Наножерсерігінің көлемі оқушының сөмкесіндей ғана. Инфрақызыл сәулелі камералармен жабдықталған. Өртті алғашқы минуттарда сөндіру маңызды. Ал жасанды интеллект ақпартты өңдеп, бірден төтенше жағдай қызметкерлеріне жібереді. Сөйтіп, жылдам шешім қабылдауға көмектеседі.
Иоаннис Ландурис, жоба басшысы:
- Біз аумақты тоқтаусыз сканерлейміз. Жасанды интеллект түсірілген суреттерді талдайды. Төртте төрт метр аумақты жеке тексереді. Соның негізінде бұл өрт пе, әлде басқа ма, соны анықтаймыз. Барлық мәлімет тиісті мекемелерге жолданады.
Мамандардың да жұмысы жеңілдейді. Жаяу жүріп, сағаттап орман араламайды. Өрттің қай жаққа таралып жатқанын сол мезетте планшет арқылы анықтауға болады.
Димитрис Папастергиу, Грекия цифрлық басқару министрі:
- Бұл жерсерік бізге әсіресе жаз мезгілінде өте қажет. Өйткені Грекияда орман өрті жиі болады. Қала ішіндегі өртті көбіне тұрғындар байқап, тиісті органдарға хабар береді. Ал ұлттық парктерде немесе адам сирек баратын аймақтарда шыққан өртті дер кезінде анықтауда наножерсеріктің көмегі зор.
Бұл Грекия үшін ғарыш саласында жаңа қадам. Алдағы уақытта еуропалық серіктестерімен бірге радиолокациялық және оптикалық жер серіктерін де іске қосуға ниетті. Жобаның құны – 200 миллион еуро. Болашақта ғарыш аппаратын шекара шебін күзету мен егіс алпқаптарын бақылауға да пайдаланбақ.
Авторы: Зайнұр Байжігіт