Копенгагенде «гаджетсіз ойын алаңы» ашылды

Қазір бала әке-шешенің мейіріміне зәру. Ал ата-ананың бар ойы ұялы телефонда болса, балаға дұрыс көңіл бөлінбейтіні айдан анық. 

Мұны ескерген Даниядағы құрылыс компанияларының бірі ел азаматтарын тәуелділікпен күресуге шақырды. Тіпті Копенгагенде телефонсыз уақыт өткізуге арналған арнайы ойын алаңын ашты. 

«Телефоныңызды қалтаңыздан шығармаңыз!» Копенгагенде «гаджетсіз ойын алаңы» ашылды. Мұнда смартфон қолдануға болмайды. Есесіне ата-аналар уақытын балаға арнайды. Өйткені балаға жасынан айналаны танытса, бұл өскелең ұрпақтың дені сау болып өсуіне септігін тигізеді. Ерекше жобаға Даниядағы құрылыс компаниялардың бірі бастамашы болған. 

Камилла Тинд Сунесен, құрылыс компаниясының директоры:

- Даниядағы кинотеатрларда телефонды өшіруге кеңес беріледі. Бұл тәжірибенің нәтижесі өте жақсы. Жалпы «гаджетсіз аймақтар» бұл ештеңеге алаңдамай, балалармен сапалы уақыт өткізудің жақсы мүмкіндігі.

Әзірге мұндай ойын алаңы Данияда біреу ғана. Алайда бастамаға қолдау білдірушілер көп. Сауалнамаға қатысқан ата-ананың 60 пайызы құптап отыр. Кейінгі зерттеуге сай қазір 5 жастан асқан балалардың көбі бос уақытын далада емес, құрылғыға байланған күйі төрт қабырғада өткізеді. 

Тайлер Кларо, турист:

- Бұл – біздің елге де үлгі боларлық өте жақсы идея. Мұндай алаңдар телефоннан бір сәтке демалып, балалармен уақыт өткізуге мүмкіндік береді. Күнделікті өмірде жұмыс, хат-хабар, әлеуметтік желі мен қоңыраулардан қол босамайды. Кейде отбасыңа көңіл бөлген пайдалы.

Иә, гаджеттің қоғам үшін пайдасымен қатар, қаупі де орасан. Сондықтан Дания билігі жаңа оқу жылынан бастап мектептерде телефонды тыйып жатыр. Шектеуге 15 жасқа дейінгі оқушылар ілігеді. Өйткені бұл оқушының үлгеріміне әсер етпей қоймайды. 

Авторы: Зайнұр Байжігіт