АҚШ Иранмен соғыста 37.5 млрд доллар жұмсады

АҚШ-тың Иранға қарсы соғысына осы уақытқа дейін 37 жарым миллиард доллар жұмсалған. Бұл туралы Пит Хегсет Сенаттағы тыңдауда мәлімдеді. 

Оған қоса Пентагон басшысы сенаторларды Трамп әкімшілігі сұраған 88 млрд доллар шамасындағы қосымша қаржыны шұғыл бөлуге шақырды. Соның 67 миллиардтан астамы Ирандағы әскери операция шығындарын өтеуге бағытталмақ. Қаражат әскери қызметкерлердің жалақысына, қару-жарақ қорын толықтыруға және зымыран мен дронға қарсы жүйелер өндірісін арттыруға жұмсалады. Хегсеттің айтуынша, Конгресс өтінішті мақұлдамаса, Пентагон әскери жаттығуларды қысқартып, бірқатар операцияны жалғастыруда қиындыққа тап болуы мүмкін.

Пит Хегсет, Пентагон басшысы:

- Қосымша қаржы әскердің дайындығын күшейтіп, қордағы қару-жарақты толықтыруға қажет. Біз ескіні жаңа құрылғылармен жаңғыртпақпыз. 21 млрд доллар әскери қызметкерлерге, техника мен Ұлттық ұланға жұмсалады. Тағы 46 миллиард долларға өндіріс көлемін кеңейтіп, сұранысы жоғары оқ-дәрілердің жеткізілуін жеделдетеміз. Әңгіме қатты отынды зымыран қозғалтқыштары, дәлдігі жоғары әуе бомбалары, гипердыбыстық қару және дрондарға қарсы жүйелер туралы болып отыр.