Өзбекстанда қазақ капиталының саны артты
Биыл Өзбекстанда қазақ инвесторларының қатысуымен 100-ге жуық компания ашылды.
Осылайша, көрші елде қазақ капиталмен жұмыс істейтін кәсіпорындар саны 1 221-ге жетті. Олардың дені әсіресе құрылыс саласы, қаржы секторы мен IT бағытында табысты еңбек етіп жатыр. Жалпы Қазақстанмен Өзбекстан 2030-шы жылға дейін өзара тауар айналымды 10 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр. Сарапшылар оған толық мүмкіндік бар екенін айтады.
Бүгінде Өзбекстан аумағында қазақстандық капиталдың қатысуымен мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олар өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, логистика, сауда және қаржы секторларында қызмет көрсетеді. Бірлескен жобалар өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр.
Умурбек Юсупов, Орталық Азия халықаралық институтының ғылыми қызметкері:
- Соңғы жылдары екі ел арасында алыс-беріс артып келеді. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау жұмыстары үкіметаралық комиссияның жіті назарында. Жалпы алғанда, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы қазіргі стратегиялық әріптестік, бүтін аймақ елдерінің экономикалық әлеуетін арттырып отыр.
Қазақстан Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің үштігіне кіреді. Көрші елдер барлық сала бойыша өзара байланыс орнатқан. Инвесторлар көшін қытай кәсіпорындары бастап тұр. Алты айда олардың қатары 835-ке көбейіп, жалпы саны 5 мыңнан асты. Одан кейін Ресей тұр.
Саидмұхтар Саидқасымов, Орталық Азия халықаралық институты басшысының кеңесшісі:
- Саяси аспекті бойынша жоғарғы деңгейде сенім қалыптасты. Мемлекет басшылары үнемі байланыста. Бұл екі ел арасындағы алыс беріске дем береді. Экономикалық тұрғыда, тауар айналым жылдан жылға артып отыр. Көлік логистикасы саласында да жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды.
Қазақстандық компаниялардың дені құрылыс, қаржы секторы мен ай-ти саласында жұмыс істейді. Сарапшылардың айтуынша, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың нығаюы инвестициялық ынтымақтастықтың кеңеюіне ықпал етіп отыр.