Чилиде боран соғып, қалың қар жауды

Жарты әлем ыстықтан шаршап жатса, Чилидің Атакама аймағында алай-түлей боран соғып, қасат қар түсті. 

Қардың төпелеп жауғаны сонша 39 жұмысшы кен орнынан шыға алмай қалды. Жаяу адам омбылап, көлік атаулы тоқтады. Ал кеншілерге компания тікұшақ жібергелі отыр. Алайда әзірге күннің ашылғанын күту керек. 

Уго Перес, Чили кен конфедерациясының президенті:

- Жұмысшылар қиын жағдайға тап болды. Жүйкелеріне үлкен күш түсіп жатыр. Бәрі қатты шаршады. Десе де компания тамақ, дәрі-дәрмек, дәрігер, фельдшер бар дейді. Алайда түнгі мезгілде ауа температурасы минус 28 градусқа дейін суытқан. Кеніште жылу жоқ. Су құбырлары қатып қалды. Ең бастысы жұмысшылардың бәрі аман. Отбасыларына сәлем жолдайды. Көмек тез арада келеді деп сенеміз.

Чилиде тасқын салдарынан 13 адам опат болды

Ал Чилидің орталық аймағын су басып жатыр. Кейбір жерде нөсер мен тасқын соңы лай көшкініне ұласқан. Табиғат апаты салдарынан 13 адам опат болды. Тағы 4-уі ұшты-күйлі жоқ. Бұл туралы «Рейтер» агенттігі ел үкіметіне сілтеме жасап хабарлады. Елді мекендерде құбыр жүйесі қирап, халық 5 күннен бері ауызсусыз отыр. Жолдар да жабылған. Үкімет орталық аймақта төтенше жағдай жариялады.