Жапонияда көлікті ЖИ бақылайды
Адам баласының қатарын соғыс қана емес, жол да қаусатып барады. Алайда көлік апаты көп болғанмен, өлім саны 21%-ға азайған. Бұл әлем бойынша 2011-2025 жылдар аралығындағы көрсеткіш.
Дегенмен жыл сайын 1 миллионнан аса жолаушы көз жұмады. Бұдан бөлек, ауыр жарақат алып, ес-түсінен айырылып, сал болып қалғандары қаншама?!
Бұл мәселе барлық елдер үшін өзекті. Енді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа декларация қабылдады. Мақсат – алдағы 4 жыл ішінде өлім-жітім санын 50%-ға дейін азайту. Осы ретте жаһандық жол қауіпсіздігіне қатысты әлем елдеріне бірдей міндеттеме жүктелді. Мәселенің аужайын Фариза Жанғанаевадан білейік.
Жол бойында өлім-жітім азайғанмен, бұл қауіп сейілді деген сөз емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осыны ескертеді. Қазіргі бір қауіп - жаңа үлгідегі көліктер. Өйткені мамандар қазіргі көліктердің көлемі жылдан-жылға үлкейіп келе жатқанын айтады.
Мәселен, 25 жыл бұрын жеңіл автокөліктің орташа ұзындығы 4 метрден сәл ғана асса, қазір 4,38 метрге жеткен. Ені де кеңейген. Ал көліктің алдыңғы бөлігінің биіктігі 2010 жылғы 77 сантиметрден қазір 84 сантиметрге дейін өскен. Ендігі қауіп – ірі көліктегі жүргізуші жаяу жүргіншіні, әсіресе балаларды көрмей қалуы мүмкін. Бұдан бөлек, көлемі үлкен көліктерге ыңғайлы тұрақ керек. Тіпті жолға да сыймай жүреді. Осындай ірі техниканың көбеюі мегаполистерде кептеліс туындатып жатыр. Сол себепті жұрттың алды қазір жұмысқа, шаруаға автокөліктен көрі велосипедпен қатынағанды тәуір көреді.
Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ бас директоры:
- Егер жол инфрақұрылымы қауіпсіз болса, адамдардың көбі жаяу жүруді немесе велосипедпен қатынауды таңдайды. Әрбір жаяу жүрген қадам мен велосипед сапары жүрек-қан тамырлары ауруларының, қант диабетінің және қатерлі ісіктің даму қаупін төмендетеді. Сондай-ақ адамдарға қолайлы жағдай жасалса, олардың көбі қоғамдық көлікті пайдалануды жөн көреді. Бұл ауаның тазаруына, оның салқындау болуына, көлік кептелістерінің азаюына және қоғамдық кеңістіктердің жандануына ықпал етеді.
АҚШ-та көлік те, апат та көп
АҚШ-та көлік саны өте көп болғандықтан, жол қауіпсіздігі ұлттық мәселелеге айналған. Жыл сайын шамамен 6 миллион жол-апаты тіркеледі. Соның салдарынан 40 мыңға жуық адам опат болып, миллиондаған адам жарақат алады. Қазірде шамамен 280 миллионнан астам тіркелген көлік құралы бар. Ал халық саны 340 миллионнан асады. Кей отбасыларда бір емес бірнеше көлік бар.
Көліктің көптігі жол қозғалысына жүктеме түсіріп, қауіпсіздік жүйелерін үнемі жетілдіруді талап етеді, дейді сарапшылар. Сондай-ақ, кейінгі жылдары жылдамдықты асыру арты өліммен аяқталатын апаттарға негізгі себеп болып тұр. Кең әрі түзу тасжолдар жүргізушілерге жоғары жылдамдықпен жүруге мүмкіндік береді. Жолдағы тағы бір кедергі жол талғамайтын көліктер мен ірі пикаптардың көбеюі. Мұндай көліктер жүргізушіні қорғай алғанымен, жаяу жүргіншілер мен шағын көліктерге жиі соқтығысады.
Жан Тодт, БҰҰ Бас хатшысының жол қауіпсіздігі жөніндегі арнайы өкілі:
- Қазірде жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылайтын орталықтар бар, алайда олардың материалдық-техникалық мүмкіндіктері жеткіліксіз. Әрбір елде тиісті өкілеттіктерге, ресурстарға және саяси қолдауға ие, мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіруді қамтамасыз ететін жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі жетекші агенттік құрылуы керек.
Жапонияда көлікті ЖИ бақылайды
Ал Жапонияда жол қауіпсіздігі тек жүргізушіге емес, технология мен ақылды инфрақұрылымға да байланысты деген пікір қалыптасқан. Бұл ел жол қауіпсіздігін күшейту үшін көлік пен жолды біріктіретін интеллектуалды жүйелерді ерте енгізген елдердің бірі. 1996 жылы іске қосылған V-I-C-S жүйесі жүргізушілерге жолдағы кептеліс, апат және қауіпті учаскелер туралы дер кезінде ақпарат береді. Ал 2011 жылдан бері E-T-C 2.0 жүйесі жұмыс істейді. Бұл көлік пен жол инфрақұрылымы арасындағы дерек алмасу мүмкіндігі. Оның көмегімен мемлекет қауіпті аймақтарды анықтап, жол қозғалысын тиімді басқарады. Ал қазірде Жапония жасанды интеллект, автоматты тежеу жүйелері арқылы апаттардың алдын алуға бағытталған жаңа кезеңге бет бұрды.
Көлік нарығындағы ең үлкен өзгеріс – автомобильдердің біртіндеп «ақылды құрылғыларға» айналуы. Жаңа буын көліктерде камералар, радарлар, жасанды интеллект және карта жүйелері бар. Бұлар жүргізушіге көмектеседі. Алайда технологияның да тілін білу қазіргі заман талабы.