Қытайда аптап ыстықтың беті қайтпай тұр

Қытайда ыстықтың беті қайтпай тұр. Елдің бірқатар аймақтарында аптап орнап, жергілікті халық қиын жағдайға тап болды. 

Қазір ауа температурасының шамадан тыс көтерілуіне байланысты қауіптің ең жоғары деңгейі жарияланды. Көлік қозғалысы шектеліп, далада от жағуға тыйым салынып жатыр. 

Қытайда күн қайта ысыды. Жұрт аптап пен қапырықтан жан қоярға жер таппай жүр. Ең жоғары температура Шыңжаңдағы бірнеше уезде тіркелді. Бұл аймақта күн райы 50 градусқа дейін көтерілген. Салдарынан өрт оқиғалары жиілеп орман-тоғайларда бақылау күшейтілді. Кейбір жерде тауға шығатын жолдар жабылды. Хами қаласының метеорологиялық орталығы қауіптің қызыл, ең жоғары деңгейін жариялады. 

Дилбар Тохти, жұмысшы:

- Биыл аптап тым ұзаққа созылып кетті. Мұндай жағдай болған емес. Жұмысшылар мен қарт адамдарға қиын. Көшеде қол шатырсыз жүре алмайсың. Осындай салқындап, тынығуға арналған орындарға кіріп жан сақтап отырмыз.

Күннің ысуы ауыл шаруашылығына да кері әсер етті. Қуаңшылықтан бөлек, зиянкестер көбейіп егіс алқаптарына қауіп төніп тұр. Қазір жергілікті агрономдар шығынды азайтудың амалын жасап әлек. Сонымен қатар даладағы жұмыстардың көбі кейінге шегерілді. Кейбір аудандарға санитарлық көліктер жетпей, өртсөндіру көліктері пайдаланылып жатыр. 

Чжан Янь, Санитарлық қызмет көрсету бөлімі басшысының орынбасары:

- Күн сайын 127 рейс жасалады. Көліктердің бір бөлігі ауаға су бүркуге арналған. Қалған бөлігі көшелерді сумен шаяды. Бұл – асфальттің балқып, жолды бұзылудан сақтау үшін жасалатын амал. 

Қытайдың орталығында да жағдай мәз емес. Чунцин қаласында қауіп күшейді. Аптап электр энергияға деген сұранысты арттырды. Тұтынушылар салқындатқыш құралдарын жаппай қосып энергостанцияларға салмақ түсті. Кейбір электр бағандары істен шыққан. Ал автомагистральдерде жылдамдық шектеліп, көлік қозғалысы бақылауға алынды. 

Линь Сяньюн, кезекші полиция қызметкері:

- Қазір жоғары температурадан жолдың беті қызып тұр. 50-60 градустан кем емес. Мұндай кезде көлік басқару өте қауіпті. Дөңгелек ыстыққа шыдас бермей жарылып кетуі мүмкін. Әсіресе жолаушы тасымалдайтын автобустар мен жүк көліктері қатаң тексеріліп жатыр. 

Елдің метеорологиялық қызметінің мамандары жуық арада аптаптың беті қайтпайтынын ескертті. Осыған байланысты жергілікті биліктегілер түрлі шектеулер енгізіп, қауіпсіздікті күшейтіп жатыр. 

Авторы: Руслан Бақытбекұлы