Сирияға Израильден қауіп төніп тұр
БҰҰ бас хатшысы Сирияға барды. Бұл Антонио Гуттериштің соғыс басталғалы бері Дамаскке алғаш аяқ басуы. Сирия да 14 жылға созылған қақтығыстардан кейін, енді ғана ес жия бастады.
Жаңа Үкімет ел экономикасын жандандырып, мемлекетті аяққа тұрғызуға тырысып жатыр. Алайда қауіп жоқ емес. Маңызды стратегиялық аймақ саналатын Голан шыңдарына қатысты даудың басылатын түрі жоқ. Өйткені Израиль әскері ел тыныштығын бұзып отыр. Сирия Израильмен қауіпсіздік жөніндегі келісімге келуге ниетті. Бұл туралы президент Ахмед Аш-Шараа «Әл-Жазира» телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Алайда ЦАХАЛ Сирияның оңтүстігінен әскерін әкеткісі келмейді.
Сирияны қалпына келтіруге $216 млрд қажет
14 жылға жалғасқан азаматтық соғыс Сирия экономикасын күйретті. Дүниежүзілік банктің есебіне сәйкес, Сирияны қайта қалпына келтіру үшін 216 миллиард доллар қажет. Қақтығыс елдің соғысқа дейінгі негізгі капиталының шамамен үштен біріне зиян келтірді. Әсіресе Алеппо және Хомс қалаларында жағдай қиын. ЮНЕСКО тізіміне енген Алеппо қаласының шамамен 60 пайызы зақымданып, 30 пайызы түгелдей қираған. Елдің жалпы ішкі өнімі 2011 жылғы 67,5 миллиард доллардан 2024 жылы шамамен 21,4 миллиард долларға дейін қысқарды. Бұл Сирияны аяққа тұрғызу үшін халықаралық қолдау мен ауқымды инвестициялардың аса қажет екенін көрсетеді. Осы орайда Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш Сириядан барлық санкцияларды алып тастауға шақырды.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:
- Сирияның айналасында не болып жатқанын көріп отырмыз. Израиль Газаны бомбалауды жалғастырып жатыр. Ливанда әскери операция тоқтайтын емес. Америкалықтар Иранды атқылап жатыр. Ал жауап ретінде Иран аймақтағы елдерге шабуылдауда. Геосаяси жағдайдың ушығуына қарамастан, Сирия бүгінде тұрақтылықтың символына айналып отыр. Бұл халықаралық қауымдастықтың Сирияға қолдау көрсетуіне тағы бір себеп.
Башар Асад президент болған тұста енгізілген санкцияларға бола Дамаск ұзақ уақыт бойы шетелдік инвестициялардан қол үзіп келді. 2025 жылы билікке жаңа Үкімет келген соң, Құрама Штаттар мен тағы бірқатар батыс мемлекеті Сирияға қарсы санкцияларды алып тастаған еді. Алайда инвесторлар қаржы жұмсауға әлі де сақтықпен қарайды. Тақауда Дональд Трамп Сирияны лаңкестікті қаржыландыратын мемлекеттер тізімінен шығаруға ниетті екенін айтқан еді.
Сирияда із-түзсіз жоғалғандар көп
Соғыс аяқталғанымен, көптеген сириялық әлі күнге дейін үйлеріне орала алмай жүр. Бұған қираған тұрғын үйлер, жұмыс орындарының тапшылығы мен бүлінген инфрақұрылым себеп. Башар Асад биліктен кеткелі бері Сирияға шамамен 1,7 миллион босқын оралған. Ал ел ішінде 5,5 миллионға жуық қоныс аударушы бар. Тағы 6 миллионға жуық сириялық шетелде тұрады. Сондай-ақ Сирия хабар-ошарсыз кеткен адамдар саны ең көп елдердің бірі. Бүгінде оларды іздеу ісімен Біріккен ұлттар ұйымы жанынан құрылған арнайы ұйым айналысып жатыр. Тәуелсіз мекеме 70 мыңнан астам құжатты өңдеп үлгерген.
Карла Кинтана, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары:
- Азаматтық соғыс салдарынан қираған қалаларды қалпына келтірумен қатар, із-түзсіз жоғалған жүздеген мың адамның тағдырын анықтау ел алдында тұрған ең күрделі міндеттердің бірі. Әрбір сириялық кемінде бір туысы не танысынан хабар үзген. Олар мейрамханада, көшеде, таксиде әр түрлі жағдайларда жоғалған. Біз бұл трагедияның ауқымын білмейміз. Өйткені қолда ресми ақпарат жоқ. Қазір хабар-ошарсыз кеткендерді іздеу жұмыстары Сирия ғана емес, Түркия, Иордания, Германия және өзге елдерде де жүріп жатыр.
Сирияға Израильден қауіп төніп тұр
Қазір Дамаск араб және батыс елдерімен дипломатиялық қарым--қатынас орнатуға тырысып жатыр. Алайда сырттан қауіп жоқ емес. Сирия президенті Ахмед Аш-Шараа көршілес Ливандағы қақтығысқа қатысты алаңдаушылық білдірді. «Бірақ ондағы жағдайға араласуға ниетті емеспіз», - деді.
Сондай-ақ Голан шыңдарына қатысты дау басылар емес. 1967 жылы «Алты күндік соғыс» кезінде Израиль Голан шыңдарының біраз бөлігін басып алды. Оған дейін стратегиялық маңызы бар аймақ Сирияның бақылауында еді. Бұл жота Израильге Сириядағы әскерлердің қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. 1974 жылы Израиль мен Сирия бітімге қол қойды. Содан бастап Біріккен ұлттар ұйымы бақылаушыларының күші атысты тоқтату сызығында жұмыс істеп келеді. Алайда осыған қарамастан Израиль Голан биіктеріндегі буферлік аймаққа әскер кіргізді. ЦАХАЛ Сирия аумағына әуе соққыларын жасап, әлі күнге дейін жергілікті тұрғындар арасында рейдтер жүргізеді.
Асаад Хасан Аш-Шибани, Сирияның Сыртқы істер министрі:
- Ұлттық егемендігімізге қатер төніп тұрғанда аймақта бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін емес. Израильдің әскери операциялары мен аумағымызды заңсыз басып алуға ұмтылуы аймақтағы тұрақтылыққа тікелей қауіп төндіріп, ұлттық ресурстарымызды сарқып отыр. Қазіргі кезеңде Сирияға тек Біріккен ұлттар ұйымының ғана емес, күллі халықаралық қауымдастық пен Еуропалық Одақтың көмегі қажет.
Бүгінде Біріккен ұлттар ұйымының Даму бағдарламасы Сирияның 14 провинциясында қызметін кеңейтті. Былтыр шамамен 9 миллион адамға көмек көрсетіп, негізгі қызметтерді қалпына келтірді. Нәтижесінде тұрғындар тұрақты өмірге оралып, болашаққа үмітпен қарай бастады.